СҚО-да кәсіпкердің банкке қарызына байланысты 800-ге жуық адам жерінен айырылуы мүмкін
Кәсіпкер жер иелеріне бір пай үшін 240 кг арпа береді.Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының тұрғындары жерінің сатылғалы жатқанын айтады. "Достық дән" компаниясы тұрғындардың жерін кепілге қойып несие алған. Енді аталған серіктестік банк алдындағы миллиард теңгеге жуық берешегін өтемегені үшін 800-ге жуық адам жерінен айырылуы мүмкін, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"800 пайщиктің ешқайсы қол қоймаған деген үкім бар. Бірақ, соның өзінде бүгінгі күні жер сатылуға дайындалып жатыр", – деді Казанка ауылының тұрғыны Жансұлтан Өтегенов.
Әкімдік алдына жиналғандардың айтуынша, "Достық дән" компаниясы тұрғындарға жердің ақысын жарытып төлемейді. Бір пай үшін 240 кг арпа ғана береді. Алайда тұрғындар мұның өзін жалынып тұрып сұрап алатынын айтады.
"Мен 5 адамға бір тонна арпа аламын. Бір тонна деген не? Ол қалай жетеді? Тауықтарға да жетпейді. Былайынша айтқанда құстарды да асырай алмаймыз", – деді Казанка ауылының тұрғыны Асылхан Қабдулин.
Оқи отырыңыз:
- СҚО-да айыппұл тұрағындағы көліктер 500 мың теңге бастапқы бағамен сатылып жатыр
- СҚО-да Ленин мен Чапаев атындағы көшелердің атауы өзгереді
Әкімдік өз кезегінде мәселені шеше алмайтынын мойындады.
"Жеке шаруа болғандықтан, оған біз де, үкімет те араласа алмаймыз. Барлығы заң жүзінде шешілуі тиіс. Өйткені кәсіпкерлердің өз құқығы бар", – деді Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Едрес Жанапин.
Кәсіпорын басшылығы тұрғындардың талабын тыңдамақ түгілі, жиналысқа келмеді. Телефон арқылы берген сұхбатында серіктестік 15 мың гектар жерді кепілге қойып, банктен 6 млрд теңге қарыз алғанын айтты.
"Жер телімдері банкте кепілде тұрғаны рас. Енді қарызды өтеу үшін жаңа серіктестік ашып жатырмыз. Пай иелері сол кәсіпорынға өз үлестерімен кіреді. Бұның барлығы жарғы хаттамасында жазылады. Пай иелерін далаға тастамаймыз", – деді "Достық дән" ЖШС директоры Азамат Шәріпов.
Алайда пай иелері ЖШС директорының сөзіне сенбей, жерді қайтармаса, жоғары сот пен Ақорда алдына баруға әзір екенін ескертті.
Еске салсақ, ҚазҰУ қалашығындағы 0,8 гектар жердің кімнің меншігіне берілгені тексеріліп жатқаны туралы хабарлаған едік.