Спорт журналисі Ермұхамед Мәулен 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына берген сұхбатында Қазақстанда қысқы спорт түрлеріне арналған инфрақұрылым мәселесінің әлі шешімін таппай отырғанын айтты. Ол аз уақытта көп нәтиже беретін спорт түрлеріне көңіл бөлуді ұсынып отыр. 

"Проблема өте өзекті. Мысалы, Солтүстік Қазақстанның Петропавл, Өскемен және Шығыс Қазақстан облыстарында спорт инфрақұрылымының жағдайы қиын. Бұл мәселе түбі шешімін табатын шығар деген ой бар. Бірақ әзірге нақты жасалып жатқан нақты қадамдар жоқ. Оның үстіне бізде қысқы спорт түрлеріне байланысты үлкен проблема бар. Бобслей деген спорт түрінен Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азияда спорт кешені жоқ. Аталған спорт түрінен Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның бір де бір спортшысы олимпиадаға қатысып көрмеді. Егер Қазақстанда бобслей аренасы болмаса, онда спортшы қайдан шығады?" – деді Ермұхамед Мәулен.

Мұнымен қатар, журналист жазғы спорт түрлерінен арена жоқ екенін айтты. Суға жүзу мен жеңіл атлетикадан Қазақстан спортшыларының алған медальдары көп болса да, кейінгісінің манежі елордада енді бой көтеріп жатыр.


Оқи отырыңыз: Шымкентте әлем чемпиондары залда емес, далада жаттығуға мәжбүр


"Бір ғана манеждің көпке жетпейтіні түсінікті. Сол себепті жеңіл атлетика бойынша спорт кешендері Қазақстанның көптеген аймағында ашылуы тиіс. Ал Қазақстанда қай спорт түрінің инфрақұрылымының керемет екенін саусақпен санап шығуға болады. Бізде күрес пен бокс залдары өте көп. Оларға тамаша жағдайлар жасалған. Сәйкесінше олимпиада ойындары, әлем чемпионаты және Азия кубоктарында керемет нәтиже көрсетеді. Қалған спорт түрлерінде инфрақұрылым шамалы", – деді журналист.

Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, инфрақұрылымның дамымауына қаржы тапшылығы себеп. Осы орайда, ол спорттағы философияны өзгертуге шақырды.

"Инфрақұрылымды жақын арада шеше алмайтынымызды білсек, жылдам арада нәтиже беретін спорт түрлеріне көңіл бөлуіміз керек", – деді журналист.