Спорт министрі Ербол Мырзабосынов QJ League жобасымен танысты
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов пен лига басшылығы және командасымен кездесті.
Лиганың президенті Рохус Шох сөз сөйлеп, одан кейін қонақтар QJ League-ның екі жылдық қызметіндегі негізгі жетістіктері мен болашаққа арналған жоспарлары туралы бейнероликпен танысты.
Блок жетекшілері өз сөздерінде командаларының атқарып жатқан жұмысы туралы айтып, спорттық-аналитика және медиа-маркетинг салаларындағы қызықты жобалар мен тәжірибелерін бөлісті.
Атап айтқанда, жасөспірімдер футболындағы жаттығу процесін айтарлықтай жақсартуға көмектесетін инновациялық цифрлық платформа – FF Manager таныстырылды. Бұған дейін академия мамандары үшін оқу-жаттығу жұмыстарын тиімді және ыңғайлы жоспарлауға арналған құралдар қолжетімді болмаған еді. Енді мұндай мүмкіндік бар – бұл платформа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді.
Рохус Шох QJ League жобасы Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен шыққан жас қазақстандық мамандардың қатысуымен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Өз кезегінде қызметкерлер Лигада жұмыс істеу тәжірибесі туралы баяндап, бұл жобаның олар үшін әлеуметтік лифтке айналып, өз әлеуеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік бергенін айтты.
"Соңғы екі жылда министрлік тарапынан біздің жобаға көрсетіліп жатқан қолдауды біз жақсы сезінеміз және бұл қолдауды жастардың өз көздерімен көруі өте маңызды. Біз шын мәнінде мықты футбол жүйесін құрып, Лиганы одан әрі кеңейте аламыз деп сенемін", – деді Тимур Турлов.
Оқи отырыңыз: QJ лига: жаңа командалар, қыздар бәсекесі және мадридтік "Атлетико"
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту – басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
"Бүгін QJ League жобасының жұмыс барысымен таныстым. Жоба қазіргі таңда балалар футболына жан-жақты зерттеу жүргізіп, барлық қажетті жағдай жасаған. QJ League қазіргі уақытта тек жарыстарды өткізіп қана қоймай, сонымен қатар дайындық әдістемелері, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, оларды оқыту, ғылымды футболда қолдану, сондай-ақ ойындарға сараптама жасайтын арнайы камераларды тиімді пайдалану арқылы балалар футболының дамуына үлкен ықпал етіп отыр. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында кәсіби клубтарды мемлекет қаржысына емес, демеушілердің қаражаты және олардың қолдауы есебінен дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Ал мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат тек балалар футболын дамытуға бағытталуға тиіс", – деді министр.