Соңғы қоңырау 1 маусымда соғылады
Бұған дейін депутаттар соңғы қоңыраудың 31 мамырға белгіленгенін сынға алған болатын.Мектептерде соңғы қоңырау салтанаты 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күнінде соғылады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова хабарлады.
Loading...
"Қазақстанда оқу жылының ұзақтығы – 36 апта. Дәстүр бойынша оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, биылдан бастап 31 мамырда аяқталады. 31 мамыр – жылдың соңғы оқу күні. Бұл күні еліміздің мектептерінде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған сыныптан тыс сағаттар өткізіледі. 1 маусымда еліміздің оқушылары Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар соңғы қоңырау мерекесін атап өтеді. Каникул бұрынғыдай сақталады, яғни оқу күндерінің саны көбеймейді, ал каникул кезеңі азаймайды. Жалпы қазақстандық оқушылар 170 күн оқиды. Каникулдың ұзақтығы – 195 күн", – деді Гүлмира Кәрімова.
Еске салайық, кеше мәжіліс отырысында депутат Аманжол Әлтай "соңғы қоңырау" шарасын 30 мамыр не 1 маусымға ауыстыруды ұсынды.
"Шындықты мойындау керек, осы күні алаш арыстарының рухына жасап жүрген құрметіміз олардың ескерткіштері мен мемориалдық орындарға гүл шоғын қою, сол жерлерде бірер парақ сөз оқудан аспай тұр. Елдің ел болуы үшін ғазиз басын бәйгеге тіккен арыстар мен қолдан жасалған зұлматтың аранына жұтылған жазықсыз бауырларымыздың әруақтары алдында осындай шаралармен шектелуіміз ұят деудің өзі аз, бұл – елдігімізге сын болып тұрған жағдай", – деді депутат.