Солтүстік Қазақстан облысында қазақ киносының күндері басталды, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Шараның басты мақсаты – көпшілікті дарынды жерлес режиссерлермен және олардың картиналарымен таныстыру. Дәл осы фильмдер ел мәдениетін ашып көрсетеді. Көптеген картиналар мемлекет тарихындағы негізгі кезеңдерді баяндап, көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметін таныстырады.

"Қазіргі уақытта мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отандық киноны дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Біз орталықтың қолдауымен түсірілген барлық жобаның көрерменге жетуін қалаймыз. Облыс орталығында ғана емес, аудандарда, ауылдарда да бұл бағыттағы жұмысты тұрақты негізде жүргізетін боламыз", – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы КЕАҚ Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали. 

Сонымен қатар Ұлттық киноны қолдау орталығы республикалық қана емес, өңірлік телеарналармен де белсенді әруптестік орнатқан. Солтүстік Қазақстан телеарналарында отандық фильмдер үзбей көрсетіліп жүр. Қазақ киносының онкүндігі аясында "Qyzyljar" Creative Center" орталығында "Первый Северный" телеарнасымен ынтымақтастық меморандумына да қол қойылды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты

Отандық кино онкүндігінің бірінші күні көрермендерге режиссер Серікбол Өтепбергеновтің "Патриоттар уақыты" фильмі көрсетілді. Бұл – терроризмге қарсы күрес пен отбасылық құндылықтар туралы  экшн-фильм. Кинокартинаның сюжеті екі ағайынды арасында өрбиді. Үлкені барлау қызметінде, ал кішісі жойғыш-ұшқыш болып қызмет етеді. Олардың әкесі шайқаста қаза тапқан. Оны еске алу және әскердегі қызмет – ағайындыларды біріктіретін жалғыз дүние.

"Мұндағы мораль – біз ұлтқа, дінге бөлінбестен жұдырықтай жұмылуымыз керек. Бұл фильмді түсіру үшін бізге бір жыл қажет болды. Компьютерлік графика көп уақыт талап етті. Бұл – ұзақ процесс, бірақ соның арқасында фильм анағұрлым әсерлі болды", – деді режиссер Серікбол Өтепбергенов.

Кино күндері аясында әртүрлі жанрдағы фильмдер ұсынылмақ. Жекелей жіктесек, "Жамбыл. Жаңа дәуір", "Дос-Мұқасан" арқылы тұлғаларымыздың жүріп өткен жолына қанығуға болады. Ал "Бауырына салу" деп аталатын кинода дәстүріміз дәріптеліп, ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімі еселенбек. Кішкентай көрермендерге "Тайқазан" деп аталатын анимациялық туынды көрсетіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Кино орталығының қолдауымен 117 картинаның өндірісі аяқталды. Оның 72-сі – көркем, 37-сі – деректі, 8-і – анимациялық фильмдер.