Солтүстік Қазақстанда Мағжан Жұмабаев пен Шоқан Уәлихановтың ескерткіші қоқыста жатыр
Керексіз боп қалған тас мүсіндер қатарында Қожаберген жырау, Қаныш Сәтбаев, Евней Бөкетовтің де ескерткіштері бар.Солтүстік Қазақстан облысындағы Мәдениет және демалыс саябағында тұрған қазақ зиялыларының ескерткіші қазір қоқыста шашылып жатыр. Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлихановтан бастап Қожаберген жырау мен Қаныш Сәтбаев сияқты әйгілі тұлғалардың тас мүсіні осылайша ешкімге керексіз болып қалған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Бұл – Петропавлдағы қалалық мәдениет үйін артындағы қоқыс алаңы. Осы жерде ақын-жазушылардың ескерткіштері қойылған тас-тұғырлары қирап, шашылып жатыр. Ал алты ескерткіш ешкімге керек болмаған күйі жаздың басынан бері тұр екен. Солардың ішінде күллі түркі әлемінің өзі мойындаған Мағжан, әйгілі саяхатшы Шоқан мен академик Қаныш Сәтбаев, атақты қолбасшы Қожаберген жырау және Евней Бөкетовтің бейнесі бүлініп, кейбірінің қабағы жарылып кеткен. Қазақ зиялыларының тас мүсіндерінің маңына кейбіреулер құрылыс пен тұрмыстық қалдықтарды төккен", – дейді арна тілшісі Руслан Жасұланұлы.
Қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлғаларының құрметіне тастан емес, гипстен тұрғызылған отыз төрт мүсін осыдан 11 жыл бұрын қала күніне орай тұрғызылған. Алайда олардың жиырма екісі тарихи тұлғалардың шынайы бейнесіне ұқсамауына байланысты алынып тасталған. Қалған 12 ескерткіштің алтауы қоқыста жатса, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды тұлғалардың ескерткіштері жоғалған.
"Мүсіндердің астындағы тұғыр бүлініп кеткендіктен уақытша осында тұр. Қазір оларды жөндейтін ақша саналып жатыр. Саналған соң оны бюджетке енгіземіз", – дейді Петропавл қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ибраев.