ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Оқу-ағарту министрі мен өңір әкімдеріне барлық білім беру объектісін 100% дайындауды тапсырды. Мұнымен қатар ол өңір әкімдіктерінің көмекке мұқтаж балаларды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. 

"Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен көшпелі автодүкендерді ұйымдастыру қажет. Әкімдіктер, Оқу-ағарту, Сауда, Индустрия министрліктері мен "Атамекен" палатасы оқу құралдары мен мектеп формасының   қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауы тиіс", – деді Әлихан Смайылов. 

Мұнымен қатар ол өңір әкімдіктерінің Ішкі істер министрлігімен бірге бейнекамераларды жаңарту, бейнебақылау жүйелерін Жедел басқару орталықтарына қосу, білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды аяқтауы қажет екеніне тоқталды. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады


"1 қыркүйектен бастап барлық бастауыш сынып оқушылары, яғни шамамен 1,5 млн бала тегін тамақпен қамтылатынын атап өту керек. Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімі мен кеңсе тауарларын сатып алуы үшін бір балаға кемінде 40 мың теңгеден алатын болады. Барлығы 500 мыңға жуық балаға осындай көмек көрсетіледі. Балаларды мектепке тасу үшін биыл 500-ден аса жаңа автобус сатып алынды. Жалпы оқу жылының басталуына орай инфрақұрылымды дамытып, оқу процесіне сапалы дайындықты қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс жүргізілді", – деп қосты премьер-министр.