СІМ: Кез келген күрделі геосаяси жағдайда біз ұлттық қауіпсіздікке басымдық береміз
Министрлік Қазақстан халқын даналығын көрсетіп, қонақжайлылық дәстүріне берік болуға шақырды.Сыртқы істер министрлігі Ресей азаматтарының Қазақстанғаға кіру және елде болу тәртібі туралы түсініктеме берді.
"Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеуде және жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етуде. Бұл ретте, кез келген елдің шетелдік азаматтарының ҚР аумағында мерзімсіз болуға құқығы жоқ, олар еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауы қажет. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды және біздің іс-әрекеттеріміз осы қағидаттардан туындауы тиіс екенін атап өтеміз. Сондықтан, қолданыстағы шарттар сақталуы тиіс және ықтимал құқық бұзушылықтарды әкімшілік тәртіппен тоқтату керек", – делінген СІМ мәлімдемесінде.
Оқи отырыңыз: 2022 жылы Қазақстанға 4,3 млн азамат кірсе, олардың үштен бірі Ресейден келген
Хабарламада Қазақстанда ұлттық мүдделерді қорғаудың тетіктері жеткілікті, бұл орайда, ұлттық мүдде бәрінен де жоғары екені айтылған.
"Айналамызда болып жатқан кез келген күрделі геосаяси жағдайда біз ұлттық қауіпсіздіктің басымдығына сүйенетін боламыз. Әлемде орын алған құбылмалы ахуал біздің мемлекетіміздің тұрақтылығы үшін сынақ болып отыр. Сонымен бірге, халқымызға тән адамгершілік қасиеттер белгілі бір моральдық ережелерді сақтауды талап етеді. Азаматтарымыз өзіндік даналығын көрсетіп, қонақжайлылық дәстүріне берік болады деп сенеміз", – делінген хабарламада.