Шымкенттіктер конституция күнін атап өтті
Шымкентте ҚР Конституция күні аталып өтті. Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекіткен Ата Заңымыз – Конституцияға биыл 27 жыл толып отыр. Мұндай атаулы дата үшінші мегаполисте ерекше мерекеленді. Шара барысында әр салаға еңбегі сіңген бірқатар азаматтар құрметке бөленді.
Бірнеше жылдан бері үй төрайымы болып Шымкенттің көркейіп-дамуына үлес қосып келе жатқан Фарида Ажиханова ҚР конституция күні қарсаңында мегаполис әкімі Мұрат Әйтеновтің алғыс хатымен марапатталды. Ол мұндай атаулы датада еңбегінің еленгеніне қуанышты екенін жеткізлі.
"Өте қуанып тұрмын. Еңбегімізді елеп-ескеріп марапаттап жатқан қала әкіміне алғысымды білдіремін. Сондай-ақ барша қазақстандықтарды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз көркейе берсін! Дами берейік, жастарымыз өсіп өне берсін дегім келеді",– дейді Фарида.
Мерекеге орай ұйымдастырылған концертте "Алашұлы" тобы, "Қаратау" фольклорлық ансамблі, Опера және балет театрынаң симфониялық оркестрі, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары және "Қазына" би ансамблі өнер көрсетті.
Шымкенттіктерді мерекемен құттықтаған "Алашұлы" тобының әншілері үшінші мегшаполистегі Түркістан сарайында алғаш рет ән шырқағандарын айтты.
Мақсат Рахмет, "Алашұлы" тобының әншісі: "Құрметті шырайлы шымқаланың жұртшылығы! Бұл Алашұлы тобының Түркістан сарайында алғаш рет өнер көрсетуі. Ерекше энергетика, тамаша атмосфера болды. Шымкент еліміздегі ең ерекше қала ғой. Енді барша тұрғындарды келіп жатқан қастерлі қасиетті мереке- Ата заңымыздың күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын. Әрбір отбасыға береке, бірлік, ынтымақ, таусылмас дәулет, кең пейіл, дархан даладай бақыт тілейміз".
Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов тетөала тұрғындарын мерекемен құттықтады.
"Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді республикалық референдумда азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум нәтижесі саяси жаңғыру символына айналып, Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміздің бекем екенін көрсетті. Жаңартылған Конституция биліктің барлық институттары қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырып, халық пен билікті одан әрі жақындата түсетін болады",– деді Мұрат Әйтенов.
Сахнада Ұлы Дала заңына бағынған қазақтың бейнесі – Үш бидің: Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің әділ шешім орнатқан дәуірі көрсетілді. Көк туымыз желбіреп, Елтаңбамыз ардақталып, Әнұран шырқалды.