Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі пленум отырысында осы мәселені көтерді. Олар мегаполисте автобуста тегін жүретін азаматтардың қатарына ардагерлерді де қосуды ұсынды. Сондай-ақ егде жастағы қариялардың ем алуы үшін берілетін жолдама мерзімін ұзартуды талап етті.  Өйткені, 6 күн ішінде толық емделіп үлгермейсің дейді.

Қазіргі таңда ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен көп балалы отбасылар ғана 12 күнге жолдама алады. Ал қалғандары тек 6 күн демалуға мүмкіндігі бар. Ешкімді бөліп-жармай бірдей мүмкіндік берсін деген қариялар дәрі-дәрмек мәселесін де шешіп беруді сұрады. 

Кенжехан Төлебаев, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы: "Бүгінгі пленум отырысында ардагерлерге әлеуметтік жағдай жасалу мәселесі талқыланды. Қазір ардагерлерде үш мәселе бар. Біріншісі, көлік мәселесі, екіншісі демалыс ұйымдастыру, үшіншісі заң аясында берілетін дәрілердің дұрыс жетпеу мәселесі. Осы үш мәселе қазір өзекті, егер осылар шешілсе, біздің Шымкент қаласындағы ардагерлерге берілетін әлеуметтік көмек 100 пайыз шешілді деп айта аламыз". 

Жалпы 70-ке жуық ардагер қатысқан пленум отырысында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мен денсаулық сақтау басқармасының басшылары баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Ал қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов арадгерлер көтерген мәселелерді жергілікті билік өкілдеріне жеткізіп, мәселенің шешілуіне ықпал ететінін айтты. 

"Сіздердің ұсыныстарыңызды біз қабыл алдық. Мен міндетті түрде әкімге, депутаттарға с осылай ұсыныс беріп жатыр деп жеткіземін. Біз бюджетке ұсыныс береміз. Депутаттар қай жағын қолдайды, қай жағын қолдамайды өздері шешеді. Мен толығымен келісемін, 6 күн өте аз. Бірақ оны 100 пайыз шешіп бере аламыз деп мен сөз бере алмаймын. Бірақ барынша ұсыныс беріп шешілуіне ықпал жасап береміз", – деді Мақсұт Исахов.

85 мыңға жуық қария тұратын мегаполисте ардагерлерді автобуста тегін жүргізуге де болады. Тек аздаған уақыт қажет деді қала әкімінің орынбасары. Мақсұт Исахов компаниялар жолақысын қымбаттатын кезде белгілі бір санаттағы азаматтарды тегін тасымалдау бойынша талап қоямыз дейді.