Шымкент тұрғындары халықаралық әуежайды көшіруді талап етті
Әуежай аймағына кіретін 91 нысан комиссия қорытындысын алмаған.Шымкент халықаралық әуежайының маңында тұратын халық әуежайды көшіруді талап етіп, наразылық білдірді. Жуырда әуежайды тексерген Азаматтық авиация комитеті Шымкент әуежайының санитарлық аумағына кіріп кеткен 91 нысан комиссиясының тиісті қорытындысын алмағанын, құрылысқа азаматтық авиация саласының өкілетті органы рұқсат бермегенін анықтаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бұл ұшақтың көтерілу жолағын ұзартуға, жарықшамдарды айнала орнатуға кедергі әрі жолаушылардың өміріне қауіпті деген шешімге келген. Заң талаптары дереу ретке келтірілмесе, Шымкент әуежайының жабылуы мәселесе қаралатынын да айтқан. Осыдан кейін әкімдік заңсыз үйлерді анықтауға кіріскен. Шымкент әуежайы маңындағы тұрғындардың жанайқайы бұл. Олар баспаналарының сүрілгеніне түбегейлі қарсы. Тіпті нарық бағасы бойынша үйдің құны да қажет емес екенін айтады. "Бағалау да жасалынбасын, мемлекет пайдасына да алынбасын" деп отыр. Түркістан облысы бөлінбей тұрған тұста Шымкенттің жаңа әуежайына жер бөлініп, көшіріледі дегенді бас сәулетшінің өзі айтқан дейді тұрғындар.
Қазір аумағы 364 гектар болатын жер халықаралық әуежайға айналған. Ал үйлердің әуежайдан 100 метр қашық болуы заңмен міндеттелген. Ұшақтың әуеге көтерілу жолағы да ұзарған. Азаматтық авиация комитеті әуежайдан осы талаптарды орындауды міндеттеп отыр. Өйткені талап сақталмаса ұшаққа да, жолаушылар өміріне де қауіп бар деген комитет өкілдері. Ал әкімдік өкілдері әзірге үйлердің санын нақтылауға кірістік деді. Сосын мемлекет мұқтаждығына алу қаулысы шығатынын айтты. Кейін бағалаушы компаниялар құнын анықтап, соңғы сатыда сатып алу жүргізіледі. Ал жерінің, не үйінің құжаты жоқ заңсыз баспана үшін ақша төленбейді деп кесті.
Оқи отырыңыз: Жанында мектеп, балабақшасы бар пәтерді қалай табуға болады?
"Жобамен 7-8 миллиард теңге болады деп есептеп отырмыз. Ондай ақша қазір қалалық бюджетте жоқ. Біз бағалау шыққаннан кейін оны республикалық бюджеттен өтінім жасаймыз. Республикадан ақша сұраймыз. Республикалық бюджеттен ақша бөлінген кезде біз оны сатып аламыз", – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Әкім орынбасары қазан айының соңында үйлерді сатып алу жүргізіледі деді. Бағалауға келіспеген тұрғын сотқа жүгінсін деп кеңес береді. Ал әуежай маңындағы үйлерге бұдан былай құжат рәсімдеуге әкімдік тыйым салған. Құжаты жер участкесі күйінде қалып, тұрғызылған баспанасы үшін мемлекеттік акт алып үлгермегендер қаржыдан қағылмақ. Үй салып шығынға баттық деген жұрт көшпейміз, "баспана сүрілмесін, әуежай көшірілсін!" деген талапты жалғастыра бермек.