Шетелде тұрып жатқан қазақстандық ғалымдар мен қандастар конкурсқа қатысып, үш жыл бойы ай сайын 500 мың теңге жалақы алу мүмкіндігін иелене алады, деп мәлімдеді БҒМ ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева.

"Соңғы екі жылда елімізде арнайы жас ғалымдарға арналған гранттар бөліне бастады. Үшінші конкурс нәтижесі әлі жарияланбады. Алдында өткен екі конкурс аясында 40 жасқа толмаған жас ғалымдар 314 жобамен айналысып жатыр. Ақшалай әлеуеті 17 млрд теңгеден асады", – деді Білім және ғылым министрлігі жанындағы жас ғалымдар кеңесінің мүшесі Нұрбек Нәдіров. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандық ғалымдар қанша жалақы алады?


Комитет төрайымы Жанна Құрманғалиева жобаның маңыздылығын түсіндірді. Айтуынша, жобаның басты мақсаты – елде жас ғалымдар санын көбейту. 

"Осы арнайы грант арқылы кез келген мемлекеттік немесе дербес ұйымға баруға болады. Сол жерде мықты ғалымды таңдап, барған жас маман екеуі постдокторлық бағдарламаны бірге жасайды. Диссертация сараптамадан өтіп, ұлттық ғылыми кеңес "жұмыстың болашағы бар, қолдау керек" деп бағаласа, ай сайын 500 мың теңге жалақы алып отырасыз. Бастапқыда бұл жалақы кемінде мың доллар болсын деп жоспарладық. Кейін араға үш жыл салып жас ғалым қайда жұмыс істейтінін өзі шешеді. Дайын ғалым ретінде басқа да конкурстарға қатысып, 500 мыңның үстінде басқа да гранттарды игере алады", – деді Жанна Құрманғалиева. 

Аталған грантты Қазақстанда және шетелде тұрып жатқан қандастар да иелене алады. Осы грант аясында Қазақстанға көшіп келу мүмкіндігі бар. 

"Конкурсқа ұлты қазақ, ғылыммен айналысамын деген, диссертациясы 2013 жылдан ертерек қорғалмаған ғалымдар қатыса алады. Сондай-ақ, шет мемлекетте тұрып жатқан қазақ ғалымдардың қатысу мүмкіндігі бар. Төртіншіден, докторантураны бітірген, бірақ қорғай алмаған азаматтар да қатыса алады. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Кей жас ғалымдар диссертациясын салғырттығынан емес, отбасына қатысты қиын жағдайларға байланысты қорғай алмауы мүмкін. Ғылыми жетекшісі қайтыс болатын кездер де болады. Осы жас ғалымдар аталған конкурсқа өтініш бере алады. Бір ғана шарт – олар алдағы 12 ай ішінде докторлық диссертациясын қорғауы тиіс. Қорғаған жағдайда тағы екі жыл бойы осы жоба аясында жұмыс істей алады", – деді Жанна Құрманғалиева. 


Оқи отырыңыз: