Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды.

Сот ғимаратына айыпталушылардың жақындары мен адвокаттары, жәбірленуші тараптан Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов, анасы мен әжесі, Қаржаубайдың қарындасы Перизат Нұрымова да келді.

Сот процесін судья Ержан Жанұзақов қарайды. Прокурорлар – Ержан Құрақбаев пен Дана Сәрсенбай. Сот процесіне 8 адвокат пен 9 қорғаушы тіркелген.

Жоғарғы соттың коммуникация бөлімінің меңгерушісі Перизат Сәдуақас-Хайруллина сот процесі неліктен Талдықорған қаласында өтіп жатқанын айтты.

"Шерзат Болаттың өлімі қылмыстық іс болғандықтан бұл қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралады. Қылмыстық істерді азаматтық немесе әкімшілік істер жөніндегі соттар қарай алмайды. Қылмыс Алматы облысында болғандықтан сол жақтың судьясы қарайды. Сотталушылардың басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейді. Аудармашы да қатысып отырады. Ал сот процесінің Талдықорғанда өтіп жатқан себебі сотқа дейінгі тергеу жүргізген мемлекеттік орган – полиция департаментінің мәліметінше, 9 сотталушыны Талдықорғанда орналасқан тергеу изоляторында ұстаған. Сондықтан осы жерде сот өткізу туралы шешімге келді", – деді Перизат Сәдуақас-Хайруллина.

Қаржаубайдың қарындасы Перизат Нұрымова тергеу жұмыстарына көңілі толмағанын айтты. Сот залына тоғыз айыпталушы келді.

"Сот ашық болса да, жабық болса да біздің талабымыз айтылды. Заң алдында нақты әркім өз істегеніне жауап беруі керек. Қазіргі адвокаттарға көңілім толады. Біз Айтымнан бас тарттық. Адвокаттардың қатысы жоқ. Тергеу процесіне де, Айтымның командасына да көңілім толмады.  Олар бізге кімнің қай баппен сотталып жатқанын түсіндірген жоқ. Оның бәрін өз адвокаттарымыздан білдік", – деді ол.

Оның айтуынша, айыпталушыларға әртүрлі баппен айып тағылған. Перизат Нұрымова олардың барлығы бір баппен сотталуы керек деп есептейді.

"Әрқайсы жеке баппен сотталайын деп жатыр. Осы нәрсе көңілімізден шықпайды. Бір топ адам болып сотталуы керек деп ойлаймын. Бәрі бір көлікпен келді, бір көлікпен кетті. Дәл сол сияқты бір баппен сотталуы керек. Екеуі ғана адам өлтіру бабымен кетсе, қалғандары бұзақылықпен кетіп жатыр. Бұл жерде марқұм болған Шерзаттың ісі қаралады. Бұрынғы адвокаттар іс барысында ешнәрсе түсіндірген жоқ. Нақтылап айтқанда тек қана беттестіруге апарды, ең бірінші жұмыстары сол болды. Жұмыс жүрмеді деп айта алмаймын, біршама жүрді. Бірақ нақтылап көп нәрсені түсіндірмеді", – деді Перизат Нұрымова.

Шерзаттың әкесі Қаржаубай тергеу нәтижесіне көңіл толмайтынын, оған себеп көп екенін айтты. 

Сот бұл іс бойынша сот талқылауын ашық режимде өткізу туралы шешім қабылдады. Сот отырысының онлайн трансляциясын Жоғарғы Соттың YouTube каналынан қарауға болады.