Шенеуніктерден қайран жоқ деген халық ауылда мәдениет үйін өздері салып жатыр
Жетісу облысы Кеңғарын ауылының тұрғындары өз қаражаттарына мәдениет үйін салып жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Шенеуніктерден қайран жоқ деген халық елді мекеннің мәдени өмірін жандандыруды жоспарлаған. Халықтың ашуын туғызғаны, жеті жылдан бері жабылып қалған мәдениет ошағында қағаздағы есепте керемет концерттер өтіп жатыр екен. Тіпті, штаттағы қызметкер өтпеген шараларды өткіздім деп есеп беретін көрінеді.
Кезінде Кеңғарын ауылындағы мәдениет ошағынан ән әуелеп, күй күмбірлеп жататын. Алматыдан шығармашылық ұжымдар да жиі келіп тұратын дейді тұрғындар. 10 шақты жылдан бері сол думанды күндер көздерінен бұлбұл ұшқан. Бірақ жауапты мамандар есебінде әлі де ауылдың мәдени өмірі қыз-қыз қайнап жатқанға ұқсайды.
Кеңес кезінде салынған нысанның есігіне 2017 жылы қара құлып салыныпты. Содан бері Кеңғарындықтар рухани ошақтың құлағалы тұрғанын айтып, талай табалдырықты тоздырыпты. Күте-күте шенеуніктерден үмітін үзген ауыл азаматтары бірігіп өз қаржыларына мынадай мәдениет үйін тұрғызған.
Бірақ тұрғындар мемлекетке алақан жаймай өз күштерімен салған нысанға енді заңды құжат рәсімдей алмай жүр.
Ал аудан әкімі мәдени нысан жоқ болғанымен, балалар үйірмелерге қатысып, мәдени іс-шаралар уақытылы өтіп жатқанын айтады. Ал штаттағы маман ауыл тұрғындарымен тіл табыса алмағандықтан жұмыс істемей отыр дейді.
Тайлы-тұяғы қалмай ақша жинаған халық аудандық шенеуніктердің әрекетсіздігіне қапалы. Сондықтан олар облыс әкіміне жанайқайын жеткізбек.