Сенатта Қазақстан мен АҚШ басшылығының халықаралық салық тәртібін жетілдіруге бағытталған өзара келісімді мақұлдады. Аталған заң жобасы қазақстандық азаматтардың салықтан жалтаруын алдын алады және салықтың тікелей ҚР мемлекеттік бюджетіне келіп түсуін қамтамасыз етеді.

2017 жылы салық салу мәселелерінде өзара көмек көрсету арқылы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған еді. Келісімнің мақсаты – шетелде қаржылық шоттары бар АҚШ салық төлеушілері тарапынан салық төлеуден жалтаруға қарсы күреске бағытталған "Шетелдік шоттарға салық салу туралы" (FATCA) АҚШ заңын сақтау.

Келісім екі ел резиденттерінің қаржылық шоттары туралы өзара ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде салықтан жалтаруды болдырмайды және салық жинауда басқарудың қосымша құралы болады.


Оқи отырыңыз: Nur Otan депутаты: Ақшасы барлар долларды ұлттық банк есебінен "жақсы бағаға" сатып алды


Заң жобасы қаржы ұйымдарының, оның ішінде несие ұйымдарының, сақтандыру, брокерлік және басқа да осыған ұқсас компаниялардың қызметін қозғайды.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов азаматтардың шоттары туралы ақпараттың құпиялылығын сақтау туралы айтты.

"Біз осы келісімде алмасатын ақпарат салықтық құпияға жатады. Оны біз қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенция бойынша жариялайтын боламыз. Бұл конвенцияда ақпарат салық органдары мен сотты қоса алғанда, әкімшілік органдарға берілуі мүмкін жағдайлар нақты айтылады. Ал басқа адамдар бұл ақпаратқа қол жеткізе алмайды", – деді Тимур Жақсылықов.

Оның айтуынша, келісім бойынша қаржы институттары Қазақстанда шот ашқан барлық америкалық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты анықтауға және ашуға міндетті. Осыған ұқсас, Қазақстанның келісімге қосылуы АҚШ-та шот ашқан барлық қазақстандық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.