Семейде болашақ оқушылар сарайының құрылыс алаңына уақыт капсуласы салынды
Нысан "Балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі объектілер салу жөніндегі" республикалық Жол картасының 85-тармағын орындау бойынша салынуда.
Құрылыс Абай облысының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары шеңберінде іске асырылуда.
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов атап өткендей, көпфункционалды орталық заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылып, мектеп оқушыларының қосымша білім алуға деген сұранысын қамтамасыз ете алады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысында оқушыларға арналған көпфункционалды орталық салынуда. Орталық 6 функционалды аймаққа бөлінеді, олардың әрқайсысында заманауи технологиялар қолданылады. Семейде Балалар мен жастардың шығармашылық сарайы бұрыннан бар,ол біріншіден қаланың оң жағалауында орналасқан, екіншіден, қазіргі заманғы материалдық-техникалық базасы жоқ. Жаңа орталықта робототехника кабинеттері, спорт секциялары орналасады, – деп атап өтті Нұрбол Нұрсағатов.
Сондай-ақ, қала әкімі құрылысты аяқтау келесі жылға жоспарланып отырғанын айтты.
– Орталыққа кіреберістерді қалалық қызметтермен пысықтаймыз. Мұнда кіру, автотұрақ, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған екі көпір өткелі болады. Балалардың қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етіледі. Қала әкімдігі осы жобаларға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде, – деп қорытындылады қала әкімі.
Орталықта ұсынылатын бағыттар:
• ғылыми-техникалық (нейроробототехника, астрономия, бағдарламалау кабинеттерімен);
• әр түрлі шығармашылық студиялары бар көркемдік және эстетикалық бағыт;
• спорттық-сауықтыру ( үлкен және кіші бассейндері, шығыс жекпе-жек залдары, фитнес-залдары).
Гуманитарлық, психологиялық бағыттарға сенсорлық бөлме мен сөйлеуді дамыту кабинеті, тарихи-өлкетану Co-working кітапханамен және басқа секциялар кіреді.