Семейде 237 отбасыға пәтер кілті табысталды
Баспаналы болған тұрғындарды қала әкімі құттықтады.Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Қарағайлы шағын ауданында пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов жаңа баспана иелерін құттықтады.
"Ең алдымен, баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күні меркесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін Семей қаласында көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар, бюджет саласының қызметкерлері және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жаңа пәтерлердің иегері атанып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен соңғы жылдары Семей қаласында құрылыс қарқыны айтарлықтай артып, көптеген тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Бүгін жалпы саны 237 пәтердің кілті табысталды. Осы жылдың наурыз айында да Қарағайлы шағын ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 77 пәтердің кілті табысталған болатын. Сонымен қатар, 2023 жылы кезекте тұрған 211 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді.Соңғы жылдары бұл әлеуметтік әділеттіліктің жарқын көрінісі және халқымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту жолындағы игі қадам болып отыр", – деді Нұрбол Нұрсағатов.