Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң жобасы әзірленді
Заңды Парламент қабылдағаннан кейін кеңес уақытындағы қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендер толық ақталады.Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы екі заң жобасын әзірледі. Бұл туралы комиссия қызметін сүйемелдеу бойынша жобалық кеңсе басшысының орынбасары Айбар Ілияс мәлімдеді.
Мемлекеттік комиссия әзірлеген заң жобалары "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын және зардап шеккендерді ақтау туралы" және "Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескендер мәртебесі және саяси ақтау туралы" деп аталады.
"Аталған заңдарды Парламент қабылдағаннан кейін кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендер толық ақталады. Өйткені саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау тиісті заңдар қабылдаған соң ғана жүзеге асады. Аталған мәселенің шешімі ендігі жерде Парламент депутаттарының өкілеттігі мен жауапкершілігінде екенін атап өткім келеді", – деді Айбар Ілияс.
Оқи отырыңыз: "714 мың құжат әлі құпия". Қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихы қалай зерттеліп жатыр?
Айта кетейік, осы уақытқа дейін мемлекеттік комиссия 311 349 саяси қуғын-сүргін құрбанын ақтаған.