Былтыр Семей қаласында "Алтын белгі" иегерлерінің 30 пайызы педагог мамандығын таңдаған. Ал биыл бұл көрсеткіш 20 пайыз болып отыр. Сол себепті білікті ұстаздар санын арттыру мәселесі күн тәртібінді тұр, деп мәлімдеді Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы университеттің басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков.

"Сапалы педагог шығару үшін жүйелі әрі нақты профориентациялық жұмыс маңызды. Мектеп оқушысының қай мамандыққа икемді екенін анықтау барысында мектеп және ата-анамен жан-жақты жұмыс жасады. Университет мектептерді өз қамқорлығына алу бастамасы аясында Семей қаласының бес мектебінің базасында педагогикалық сыныптар ашты. Болашақ ұстаз боламын деген оқушыларды өңір бойынша іріктеп, университетте 10-сыныптан бастап бағыттап оқытатын академиялық гимназия ашу жұмысы қолға алынды", – деді Бауыржан Ердембеков.  

Әрі қарай ректор екі колледж бен консорциум құрылғанын бөлісті. Айтуынша, мұндағы мақсат – колледж бен университет арасындағы сабақтастығы жоғары білім бағдарламаларын бірігіп жасау.


Оқи отырыңыз: Жас ұстаздардың 70 пайызы кәсіби деңгейінің жеткіліксіздігінен қиналады



"Шалғай аудандардағы ұстаздар мен оқушыларды қолдау аясында Шәкәрім онлайн мектебі ашылды. Мектеп 5 бағыт бойынша жұмысын бастап жатыр. Олар еріктілер, видео сабақтар, жексенбілік мектеп, Tedx Shakarim, психолог кабинеті", – деді ректор.

Мұғалім боламын деген мектеп түлектері туралы статистика мен сауалнама нәтижесі бойынша, Семей қаласында мектеп бітірушілердің 15%-дан астамы ғана педагог мамандығын таңдаған. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш сәл жоғары.

"Алтын белгі" иегерлерінің 30 пайызы педагогикалық мамандық бойынша оқуға түскен. Ал биыл түсемін деушілердің пайызы 20-дан сәл асып тұр. Демек, мұғалім боламын деушілердің сандық, әсіресе, сапалық пайызын көтеру мәселесі – күн тәртібінде. Шәкәрім университеті дәл осы "Алтын белгі" иегерлеріне Шәкәрім атындағы грантты ұсынады. Сондай-ақ, мұғалімдік мамандыққа қабылданатын арнайы емтиханның да талабы күшейтілді", – деді Бауыржан Ердембеков. 


Оқи отырыңыз: "Онлайннан" шыға алмай жатқан университеттерге қаржы 2-3 есе аз бөлінеді