Маңғыстау облыстық перинаталдық​ орталығы ана мен сәбиді перзентханадан шығарып алу рәсімін тойға айналдырған тұрғындарға үндеу жасады. 

"Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық перинатальдық​ орталығы ғимаратының алдында​ ​сәбилерді​ үйге шығару ​шарасы шоуға​ айналды десек болады. Күнде сағат 14.00-ден​ бастап жұмыс күнінің соңына дейін орталық алды тойдағыдай у-шу, қып-қызыл би, қымбат көліктер, шоу бағдарламалар, түрлі аниматорларға толып, ​тума-туыс, дос-жаран кішігірім той жасайды. Қанша ескертсек ​те қарапайым халық та, аниматорлар да түсінер емес, думан-той күнде жалғасуда. ​Тұрғындар жаңа босанған ана мен өмір есігін ашқанына бір жеті де толмаған сәбиге ерекше күтім мен тыныштық керек екенін біле тұра, баян, домбыра, әншілерді, аниматорларды жалдап, дрон ұшырып, өлең айтып, концерт ұйымдастыруды үйреншікті әдетке айналдырып отыр", – деп жазылған жазбада.

Фото: Маңғыстау облыстық перинаталдық​ орталығының Facebook парақшасы

Перзентхана тұрғындарды медициналық мекемеде тек қуаныш қана емес, басқа да жағдайлар болатынын ескеруге шақырды.

"Біздің орталық – медициналық мекеме. Мұнда тек қуаныш қана емес, басқа да ​жағдайлар болады. Бір ана сәбиін құшағына алып қуанып жатса, кейбірі​ жансақтау бөлімінде өмір үшін күресуде. Әсіресе, 500-700 грамм салмақпен дүние есігін ашып, 2-3 ай бойы арнайы құрылғыда ​оңалтудан өтіп жатқан сәбилерге аса қажетті​ тыныштық​ жағдайдың ​бұзылуы. Музыканың ​үні дауыс күшейткіші арқылы қатты шығады​ және ол барлық бөлімдерге анық естіледі. ​Шулы жағдай медицина ​қызметкерлерінің​ жұмыстарына да ​кедергі келтіруде", – делінген жазбада.


Оқи отырыңыз: 2023 жылы бала босанғандар қанша теңге жәрдемақы алады? Әйелдерге пайдалы ақпарат


Презентхана ғимарат типтік ​жобамен салынғандықтан, сәбилерді ​шығарып алу рәсіміне басқа орын қарастыру мүмкіндігі жоқ екенін алға тартты. Сол себепті ғимарат алдында той-думан ұйымдастырмай, ана мен баланы үйге шығарып алуға 2-3 жақын адамы келіп, қуанышты үйде тойлауға үндеді.