Республика күніне орай еңбегі еленген шымкенттіктер марапатталды
Концерттік бағдарлама әзірленіп, өнерпаздар ән мен биден шашу шашты. Ал шараға қатысқан азаматтар күллі қазақ елін ұлық мейраммен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.
Гүлмира Серікбаева, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін музей директорының орынасары: "Бұл-Алаш қайраткерлері аңсап өткен арман. Әрі біздің жаңа Қазақстанымыздың нағыз өркендейтін, жаңашылдыққа бет бұрған кезеңінің бастауы. Мен барша қазақ еліне ұлттық мереке құтты болсын дегім келеді. Өте қуаныштымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай".
Көрме орталығында ұйымдастырылған концертте мегаполиске еңбегі сіңген 30-дан астам азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды. Оның ең жоғарысы III дәрежелі Барыс ордені. Ол Шанин атындағы драма театр әртісі Сапарбай Өтемісұлына берілді. Өнер десе жанын беретін азамат театр ашылғалы көрерменге қызмет етіп келеді. Әртістің осы еңбегі еленді дейді ұйымдастырушылар.
Дамир Жүнісов, Шымкент қалалық мәдениет және архивтер басқарма басшысының міндетін атқарушы: "Бүгінгі шара барысында шырайлы шымқаланың күнделікті өмір тіршілігіне, мәдениет, спорт, қала тірішілін қамтамасыз ету, құрылыс деген сияқты әр түрлі салаларда белсенді азаматтар мемлекеттің наградалармен марапатталды. Нағыз ұлт үшін қызмет етіп жүрген жандар құрметке бөленді. Сонымен қатар бүгінгі концерттен өз өнерін ортаға салған әртістердің барлығы осы үшінші мегаполистің тумасы. Яғни, осы Шымкенттің түрлі өнер ордаларында білім алып, қазіргі кезде республикалық, халықаралық дәрежедегі сахналарда бой көрсетіп жүрген әнші, биші, күйшілер".
Жалпы биыл алғаш рет тойланып отырған Республика күніне орай мегаполисте әр түрлі локацияда 300-ден астам іс-шара өтіп жатыр. 19 қазаннан бастау алған мерекелік бағдарлама 25 қазанға дейін жалғасады. 25 қазан күні қорытынды кеш орталық алаңда (қалалық әкімшілік) өтеді. Қала тұрғындарына арналған шараның негізге ерекшелігі-мегаполистің тыныштығын қамтамасыз ететін азаматтардың сахнадан бой көрсетуінде. Яғни, медицина, полиция, төтенше жағдай қызметкерлері өздерінің қызметтік көліктері мен құрал саймандарын халыққа таныстырып, өз мамандықтарының қыр-сырымен бөліседі. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік құрылымдарда "ашық есік" күні өтеді.