Қызылорданың көпқабатты үйлерінде ыстық су қосу үшін 5 млрд теңге бөлінді
Қызылорда қаласында ыстық сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізу үшін 5 млрд теңге бөлінді. иісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 10 қазанда өңірге жұмыс сапары барысында қаланы 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырған.
Жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланған. Бірінші кезең 2024 жылы 187 тұрғын үйді су жүйесімен қамту жұмыстары басталды. Оған былтыр Үкімет резервінен 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Екінші кезеңде 236 тұрғын үй су жүйесіне қосылады. Биыл бөлінген 5 млрд теңге осы екінші кезеңнің бірінші кезектегі жұмыстары үшін пайдаланылады. Жоба нәтижесінде қаладағы 423 көп қабатты тұрғын үй орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылады.
Айта кетейік, бүгінде Қызылорда – Қазақстандағы орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі жоқ республикадағы жалғыз облыс орталығы. Қаладағы көп қабатты үйлер ыстық суды электр жылыту немесе газ жылыту құрылғылары арқылы алып отыр. Оның төтенше жағдайларға әкелу қаупі бар.