Қызылордада жарылыс кезінде күйік шалған 2 бала тікұшақпен Алматыға жеткізілді
Пациенттердің жағдайы ауыр, барлық қажет емдеу шаралары жүргізіліп жатыр.Қызылордада төтенше жағдай кезінде қатты күйіп қалған балалар тікұшақпен Алматыға жеткізілді.
Бұл туралы денсаулық министрі Ақмарал Әлназаров әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Күйіп қалған екі бала 31 шілдеде шұғыл санавиация бортымен жеткізілді.
"Қызылорда облысында денесінің 75 пайызға жуығын күйік шалған, аса ауыр жағдайдағы екі бала шұғыл түрде Алматы қаласының Балалар және шұғыл медициналық көмек орталығына жеткізілді. Пациенттердің жағдайы ауыр, барлық қажет емдеу шаралары жүргізіліп жатыр", – дейді министр.
Төтенше жағдай 28 шілде күні кешкі уақытта болған. Әл-Фараби ауданындағы бір үйде газ жарылды.
Жарылыстың қатты болғаны сонша, жеке меншік жермен жексен болды. Төрт жасөспірім – екі қыз бен екі ұл қатты күйіп қалды. Төртеуі ата-аналардың рұқсатымен облыс орталығына келіп, өзенге түскен.