Қызылордада былтыр пайдалануға берілуі керек болған бір миллиард теңгеден аса қаражатқа салынып жатқан мектептің құрылысы төрт айдан бері тоқтап тұр. Ата-аналар небәрі 600 орындық ғимараттың құрылысы шенеуніктердің салғырттығынан бітпей тұрғанын, соның кесірінен биыл да мыңдаған бала білім алу үшін қаланың түкпір-түкпіріндегі мектептерге баратын болды дейді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Арна тілшісінің сөзінше, мектептің ауласына әлі тас төселмеген, балалар ойнайтын ойын алаңы да салынбаған. Алайда құрылыс басында бір де бір жан жоқ. Ал есігіне қара құлып салынған.

"Жерді бергенде 5 мектеп, 3 балабақша болады деп уәде берді. Әлі жоқ. Бір мектептің өзі әлі салынып жатыр. Құрылысы міне төртінші жылға кетті. Сиқы мынау, көріп тұрғандарыңыздай. Қаншама арыз жазып жатырмыз. Қаншама әкімдікке бардық", – деді қала тұрғыны Айсұлу Алтысбаева.


Оқи отырыңыз: Елімізде 35 мектеп оқу жылы басталғанға дейін жөнделіп бітпеуі мүмкін


Тұрғындар Бәйтерек шағын ауданына 7 жыл бұрын қоныстана бастаған. Содан бері мыңдаған отбасы көшіп келсе де, бір де бір мектеп жоқ. Ал көпшілік көптен күткен мектеп келісімшарт бойынша былтыр қолдануға берілуге тиіс еді. Алайда мұнда аула жұмыстарынан бөлек, оқуға қажетті парта, тақта мен қажетті құрал-жабдықтар да алынбапты. Сондықтан тұрғындар 4 айдан бері құрылысы тұралаған нысанның жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілетініне күмәнмен қарайды.

"Сөмкесін таңғы жетіден кешкі жетіге дейін арқалайды. Біреуінің сабағы түстен кейін, біреуінікі түсте бітеді. Екеуі бір-бірін күтіп жүргенде кешкі 7 болады. Сонда балаларымның бар өмірі маршруттың ішінде өтіп жатыр", – деді тұрғындардың бірі Дархан Иманқұлов.

Ал жауапты басқарма өкілдері мектептің жөндеу жұмыстары 97 пайызға аяқталғанын айтып, бір айдың ішінде құрылысты толық аяқтап, бірінші қыркүйекте балаларды қабылдаймыз деп сендіреді.

"Бірінші қалалық құрылыс бөлімі арқылы басталды. 2021 жылы білім саласындағы бюджеттік сыныптамаға өзгеріс енгізіліп, құрылыс басқармасына тапсырыс беруші ауысты. Сол арада 8 ай уақыт кетіп, 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап құрылыс жұмыстары жалғасты. Қыркүйек айында аяқтауға толық мүмкіндік бар", – деді Қызылорда облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Өтегенов.


Оқи отырыңыз: "Төбесінен су ағады". Павлодар облысында былтыр жөнделген мектеп жарамсыз болып қалды


Ал мердігер мектеп құрылысының аяқсыз қалуын басқаша түсіндіреді. Айтуынша, мектепті салуға 1,5 миллиард теңгеден аса қаражат кеткен. Ал бюджет есебінен соның тек 1 миллиард теңгесі ғана бөлініпті. Сондықтан қалған қаражатты өз қалталарынан шығаруға мәжбүр болған. Тіпті құрылысшыларының өзіне 14 миллион теңге қарыз мердігер енді бір айда мектепті толық аяқтау үшін тағы да шығынданатын болдық дейді.