Қызылордада 1 миллиард теңгеге салынған автобекет қаңырап бос тұр
Екі ай бұрын облыс әкімі салтанатты түрде ашқан нысанда қалалар мен ауыл-аймаққа қатынайтын бір де бір көлік жоқ.Жолаушылар да, автобус жүргізушілері де қаланың шетінде бой көтерген автовокзалға бару өте қолайсыз екенін айтуда, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған бір топ шенеунік осыдан бір жарым ай бұрын сол жағалаудағы жаңа автовокзалдың лентасын қиған еді. Сол сәтте тұрақта Арал, Қазалы, тіпті Ташкентке қатынайтын автобустар тұрған. Қазір олардың бір де бірі жоқ. Автовокзал бос тұр.
Автобустардың бағыты жазылған табло да сөніп тұр. Қала орталығында орналасқан жеке кәсіпкерге тиесілі ескі автовокзалда күн сайын жұмыс істеп тұр. Мұнда Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен аудандарға жүретін автобустар толып тұр. Халық жаңа автовокзал тым алыста, оған бару тиімсіз екенін айтуда.
Жауаптылар жаңа автовокзалда жолаушыларға барлық жағдай жасалғанын айтты. Ал сәуірде пайдалануға берілген нысанға автобустарды әкелу жұмыстары енді ғана басталыпты.
"Кезең-кезеңімен ашылу көзделіп отыр. Бірінші ауданаралық бағыттарды үйрету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кестеге сәйкес. Одан кейін облыс аралық болады. Сосын Ташкент-Қызылорда бойынша халықаралық бағытымыз бар", – деді Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.
Бюджеттің 975 миллион теңгесі жұмсалған заманауи нысанға түрлі бағыттағы автобустардың қашан келетіні әзірге белгісіз. Оған қоса, ауыл-аймаққа қатынайтын автобус жүргізушілері шет жақта тұрған автовокзалға бармайтындарын айтуда.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы ескі көпір топырақтың шайылып кетуіне байланысты уақытша жабылды
Айта кетсек, Қызылорда облысын Қырымбек Көшербаев басқарған сәтте қаладан автовокзал ашылған болатын, бірақ халық оның пайдасын сол күйі көрмеді. Тіпті, сұраныс болмаған соң нысан сауда үйіне айналды.