Қызылорда облысында су үстіне салынған мектептің акт залы мен спорт алаңы жоқ
Мектеп құрылысына бөлінген қаражаттың 1,5 миллиард теңгесі іргетасын нығайтуға жұмсалған.Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жақында ғана 600 оқушыға арналған жалпы құны 2 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын мектеп пайдалануға берілді. Мектептің іргетасының астына салынған сейсмикалық бетонның өзіне бюджеттің 1,5 миллиард теңгесі жұмсалған. Құрылысшылар мектептің іргетасын нығайтамыз деп жүргенде акт зал мен балалар ойнайтын спорт алаңын салуға назар аудармаған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Мектепке тексеру жүргізген ұйым өкілдері ғимаратының кем-кетіктері жетерлік дейді. Мәселен, мектептің төбесінде жауын суы ағып кететін су ағар жоқ. Одан бөлек мүгедектігі бар адамдардың ғимаратқа емін-еркін кіріп-шығуы қиын. Мектептің сыртында балалар ойнайтын спорт алаңқайы әлі салынбаған. Көлік тұрағы жобада болғанымен, ол орынға асфальт төселмеген. Ауладағы арықтар да дұрыс қазылмаған. 2,2 миллиард теңге жұмсалған мектепте акт зал жоқ болмағандықтан оқушылар мәдени іс-шараларды дәлізде өткізуге мәжбүр.
"Салыстырмалы түрде айтсақ, Тараз қаласында дәл осындай сыйымдылықтағы жабдықтардың барлығы қамтылған мектептің құны – небәрі 1 миллиард теңге. Ал мұнда бюджет қаражатын желге ұшыру фактісі бар. Бұл білім ұясы осы үшінші тоқсаннан бастап пайдалануға берілген. Ал мектеп директорының өзі жаңа ғимаратпен әлі толық танысып шықпағанға ұқсайды. Тіпті мұнда не бар, не жоқ екенін де білмейді", – деді "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Ләззат Бақтыбаева.
Мектеп директоры Әділмырза Тәжимов жобада акт зал жоқ екенін, сол себепті үлкен залдарды акт зал есебінде пайдаланатындарын айтып отыр. Сметада спорт алаңы қарастырылған. Ал жобалық құжаттаманы дайындаған жауаптылар ғимаратты асты суға толған аумаққа саламыз деп шешкен. Сондықтан бөлінген қаражаттың бір жарым миллиард теңгесі мектептің іргетасын нығайтуға жұмсалған.
"Мектептің орналасқан жері – су деңгейінен екі метр көлемінде. Сол себепті сейсмикаға байланысты сұрақтар туындаған. Қымбаттауы осы себепті. Қазір мектептің қабырғалары жарылмауы үшін екі метр бетонның үстінде тұр", – деді Жаңақорған аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов.
Арна тілшісінің айтуынша, мектеп құрылысында кеткен қателер жайлы аудан басшылары хабардар және бюджет қаржысынан барлығы жөнделетінін айтып отыр.