Қызылорда облысында 300 оқушы қабырғасы сөгілген мектепте оқиды
Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Жанқожа батыр ауылындағы жалғыз мектептің іргетасы отырып, қабырғалары сөгіліп жатыр. Мұғалімдердің айтуынша, 1984 жылы пайдалануға берілген ғимарат әу бастан сапасыз болған. Жер асты суларының әсерінен мектеп іргетасы шөгіп, жертөлесі дым тартады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Балаларда үрей бар. Мектеп ішінде жүргенде қабырғалар қозғалып тұрғандай көрінетінін айтады. Ата-аналар олардың ар жағында үрейленеді", – дейді мектеп мұғалімі Ахмедия Төлешов.
Ұстаздар ұжымы ғимараттың едені төменге опырылып түсуі мүмкін екенін айтып дабыл қағып отыр. Алайда мектеп басшысының пікірі мүлде басқаша. Ол ғимаратты қауіпті деп санамайды.
Оқи отырыңыз: Ата-аналар жазғы мектепке неге қарсы?
"Маман емеспін, бірақ мектеп ғимаратын қауіпті деп айта алмаймын. Қабырғаның жарықтарынан бөтен өзгерістер көріп тұрған жоқпын", – дейді мектеп директоры Алик Тілеуімбетов.
Төртінші тоқсаннан бастап мектептің қабырғалары қатты сөгілген бөлігінде балаларды оқытпайтын болған.