Қазақстанда қысқы каникул кезеңі 2024 жылғы 30 желтоқсан мен 2025 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда 10 күнге созылады, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:

  • "Оқуға құштар мектеп" жобасын іске асыру аясында "Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз" мектепішілік іс-шарасы;
  • театр фестивальдері мен қойылымдары;
  • жаңа жылдық әшекейлер жасау бойынша шеберлік сабақтары;
  • қауіпсіздік сабақтары;
  • мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
  • спорттық ойындар, коньки, шаңғы тебу;
  • қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.

"Ең бастысы - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады", – делінген хабарламада.