"Құшақтасуға 3 минут". Әуежайда ұзақ қоштасуға тыйым салынды
Әуежай ғимаратында "құшақтасуға 3 минут" берілетінін білдіретін жаңа белгі пайда болған.Жаңа Зеландия әуежайында ұзақ қоштасуға тыйым салынды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Яғни, әуежай ғимаратында "құшақтасуға 3 минут" берілетінін білдіретін жаңа белгі пайда болған. Демек, ескертуге сәйкес тұрғындар сапарға шыққан жақындарымен үш минут ішінде құшақтасып, қоштасып үлгеруге тиіс.
Бұл тәртіп Момонадағы Дунедин әуежайында енгізіліп отыр. Бірақ жаңашылдық жаңа зеландиялықтардың бәріне бірдей ұнамаған секілді.
Себебі, ескертудің суреті әлеуметтік желіде жарияланған соң, желі қолданушылары "бұл шектеу адамгершілікке жатпайды" деп пікір қалдырып, сынап жатыр. Енді бірі "жақсы идея" екенін айтып, ойларымен бөліскен.
Тіпті жаңашылдықты өзге де әуежайларға енгізу қажет деп жазғандар да жетерлік. Ал әуежай әкімшілігі жақындарымен ұзағырақ құшақтасқысы келетіндер үшін автотұраққа баруды ұсынған.
Онда қоштасуға 15 минут уақыт беріледі екен.