Әділет министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отыр. Ашық НҚА порталында заң жобасы жарияланды.

Онда жазасын өтеуші жеке тұлғаларды қоғамдық жұмысқа тарту тәртібін айқындайтын 49-бапты енгізу көзделген. Жаңа бап бойынша, қоғамдық жұмыстарды әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлға тұрғылықты жері бойынша орналасқан қоғамдық орындарда атқарады. Тегін жұмысты жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және айқындайды. 

"Қоғамдық жұмыстарға, әдетте, елді мекенді абаттандыру, көшелерді қардан, қоқыстардан тазарту, шекараларды, ағаштарды ақтау және тағы басқалары жатады, бұл өз кезегінде профилактикалық әсер етеді және мемлекеттік бюджетті айтарлықтай үнемдейді", – деп жазылған құжатта.

Қоғамдық жұмыстар сағатпен есептеледі және 10-нан 150 сағатқа дейінгі мерзімге белгіленеді. Жұмыс істейтін немесе оқитын адам үшін үздіксіз негізде күніне 4 сағаттан аспауға тиіс. Ал тұрақты жұмыс орны жоқ және оқымайтын адамдар күніне 8 сағатқа дейін, бірақ аптасына 40 сағаттан аспайтын мерзімде орындайды.


Оқи отырыңыз: Оқушылар мен студенттердің қоғамдық жұмыстарға қатысуына бола ма?


Заң жобасында қоғамдық жұмыстарға тартуға болмайтын адамдардың санаты анықталған. Олар:

  • жүкті әйелдер;
  • 3 жасқа дейінгі балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған тұлғалар;
  • 18 жасқа толмаған тұлғалар;
  • І және ІІ топтағы мүгедектігі бар тұлғалар;
  • 58 және одан жоғары жастағы әйелдер;
  • 63 және одан жоғары жастағы ер адамдар;
  • шетел азаматтары және Қазақстанда тұрақты тұрмайтын азаматтығы жоқ адамдар.

Қоғамдық жұмыстарды орындау кезеңінде жоғарыда аталған жағдайлар орын алған жағдайда сот мұндай адамды ішкі істер органдарының өтінішхаты бойынша қоғамдық жұмыстардан босатуға немесе қоғамдық жұмыстардың мерзімін қысқартуға не айыппұлға ауыстыруға құқылы. Бұл жағдайда сот айыппұл мөлшерін адамның жұмыс істеген сағаттарын ескере отырып айқындайды.

Сонымен қатар, құқық бұзушының қоғамдық жұмыстарға кешігіп келуіне ауыру және басқа да құжатталған жағдайлар себеп бола алады.

Ал әкімшілік қамаққа алу мерзімін өтегеннен кейін қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарғаны үшін әкімшілік қамаққа алынған адам қоғамдық жұмыстарды орындаудан босатылмайды.


Оқи отырыңыз: Мұғалімдер еден жуып, сенбілікке қатысқан: Жүзге жуық әкімшілік іс қозғалды


Адамды қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарған деп тану негіздері 49-2-бапта айқындалған. Ол бойынша: 

  1. қоғамдық жұмыстарды орындауға кірісуден бас тартқандар не қоғамдық жұмыстарды орындау мерзімі ішінде дәлелді себептерсіз екі реттен артық келмегендер;
  2. қоғамдық жұмыстарды орындау кезеңінде ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық куәландырумен расталған алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде болған жағдайда;
  3. қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтару мақсатында жасырынған;
  4. дәлелсіз себептермен ҚР аумағынан тыс жерлерге кеткендер жалтарған тұлға деп танылады.

Қоғамдық жұмыстарды орындау үшін жергілікті атқарушы органға орналасқан жері бойынша 3 күннен артық келмеген адам жалтарды деп танылады.