"Құдай қанша берсе, сонша бала туамын". Қазақстандық әйелдердің үштен бірі жүктілікті жоспарламайды
Зерттеу нәтижесінде әйелдердің тек 37%-ы гинекологқа 6 айда бір рет барып көрініп тұратыны белгілі болды.2021 жылдың жазында "Әйел денсаулығы kz" ағартушылық жобасы мен BISAM Central Asia компаниясы бірлесіп #AYELDER DAUSY_RG сауалнама-зерттеуін жүргізді. Іріктеу арқылы 18 жастан 60 жасқа дейінгі 1 202 респондент сұралды. Сондай-ақ, яндекс-взгляд ресурсының көмегімен 2 083 әйел арасында анонимді сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде қазақстандық әйелдердің өз денсаулығына қамқорлық жасауға дағдыланбағаны белгілі болды. Осы орайда Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беру мен әйелдерді ақпараттандыру мәселесіне тоқталды.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, әйелдердің тек 37%-ы гинекологқа 6 айда бір рет барып көрініп тұрады. Ал әрбір бес әйелдің төртеуі жылына бір рет қаралады. 13%-ы мүлдем бармауды жөн көрсе, басқалары сырқаттанған кезде ғана маманға жүгінеді. Осындай профилактикалық тексеруден бас тартудың негізгі екі себебі – денсаулыққа қатысты шағымның болмауы мен уақыт тапшылығы. Мұнымен қатар, әйелдер денсаулығы сыр берсе де, өздігінен жазылып шыққанын күтетінін айтқан. Солардың ішінде 51%-ы – ауру белгілері өздігенін кетпесе, дәрігерге қаралады, тағы 16%-ы – маманға тек төсек тартып қалған жағдайда барады.
"Сауалнама нәтижесі елдегі әйелдерде өз денсаулығына қамқорлық жасау мәдениеті қалыптаспағанын растады. Егер әйел кем дегенде жылына бір рет маманға бармаса, онда көптеген ауруға уақытылы диагноз қойылмайды. Бұл болашақта қайғылы салдарға әкелуі мүмкін: әйелдің репродуктивті функциясына немесе онкологиялық аурулардың дамуына әсер етеді. Сондықтан медициналық профилактикалық тексерулерге уақыт бөлу қажет. Оларды жылына екі рет өткізген жөн – бұл маманға барудың оңтайлы кезеңі. Емдеуден, аурудың алдын алу оңайырақ", – деді Вячеслав Локшин.
Сондай-ақ, сарапшы репродуктивті денсаулықты сақтау және қалпына келтіру маңызды медициналық және мемлекеттік міндет болып табылатынын атап өтті. Айтуынша, білім беру, ағартушылық қызметті жастардан бастау керек, сонда бізде сау геноқор болады.
"Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 19 жасқа дейінгі 1,5 млн жасөспірім түсік жасатады. Ал біздің мемлекетте 1 500 екен. Бұл көп емес, бірақ аз деп те айта алмаймыз. Сол себепті, жыныстық тәрбие мәселелері маңызды болып отыр. Мұндай жағдаймен бетпе-бет келгенше, оның алдын алған артық", – деп қосты репродуктолог-дәрігер.
Мұнымен қатар, ол жүктілікті алдын ала жоспарлаудың маңыздылығына тоқталды. Сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің тек 26%-ы қазіргі заманғы контрацепцияға оң қарайды. Бұл ретте, респонденттердің 36,10%-ы "Алла қанша берсе, сонша бала туамын" деген пікірді ұстанады, 12,9%-ы гормон ішуден қорқады.
"Жүктілікті жоспарлау – балада туабітті аурудың болмауын, сондай-ақ, болашақ ананың жүктілік пен босану кезінде қандай да бір ауруының асқынуының алдын алуға көмектеседі", – деді жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың директоры, контрацепция жөніндегі еуропалық қоғамның басқарма мүшесі, акушер-гинеколог Галина Гребенникова.
Сондай-ақ, сарапшы жүктілік арасындағы оңтайлы аралық 2-3 жыл болуы керек екенін атап өтті. Сонда ерлі-зайыптылар арасында жылы қарым-қатынас орнап қана қоймай, балалар жылы және жайлы отбасылық жағдайда туады. Бұл мерзімнің қысқаруы мерзімінен бұрын босануға, жаңа туған нәрестелердің физиологиялық дамымауына, сондай-ақ, ананың немесе баланың өліміне әкелуі мүмкін.