Қоршауы ғана бар: Шымкентте жаңа мектеп құрылысы басталмай жатып аяқталды
Шенеуніктер бекіткен жер учаскесі мектеп салуға жарамсыз болып шықты.Шымкент қаласындағы Ақтас елдімекенінің тұрғындары 15 жылдан бері бір мектептің салынуын күтіп жүр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Осыны айтып әкімдік пен білім басқармасының табалдырығын талай тоздырған көпшілік екі ай бұрын ғана аумақта білім ұясының құрылысы басталғанын көріп қуанған, бірақ ғимараттың іргетасы құйылмай жатып мектеп салынатын жер өзгерген. Шенеуніктер бекіткен жер учаскесі мектеп салуға жарамсыз болып шыққан. Олар топырақтың құнарсыз болуына байланысты ол жерге мектеп салынбайтынын айтқан. Бұған наразылық білдірген тұрғындар жерге бәзбіреулердің қызыққанын айтты.
"4 балам Ақжарға барып оқиды. Көлікті өзіміз жалдаймыз. Әр баланың басына ай сайын 5 мың теңгеден береміз. Мен төрт балама 20 мың теңге берем. Осы мектепті неше жыл күттік. 15 жылдан бері осы жерде тұрамын", – деді Шымкент қаласының тұрғыны Ұлданай Байқожаева.
Оқи отырыңыз: Қызылордада оқушылар бұрынғы түрме ғимаратында оқып жатыр. Жаңа мектеп салынуы тиіс жерлер кәсіпкерлердің меншігінде.
Құрылысы басталмай жатып тоқтап, тұрғызылған қоршауы қирап жатқан мектеп аумағына мектепті салуға тапсырыс беруші де келді. Оның айтуынша, мектепке ұсыныс берген білім басқармасы жерді дұрыс таңдамаған.
"Біз қазір бұл мәселені астаналық басшыларымызға қағаз жүзінде, сөз жүзінде жеткізіп, арнайы өкілдермен, қалалық әкімдшілік, аудан әкімшілікпен бір шешімге келеміз деген ойдамыз", – деді «SАMURYK-KAZYNA CONSTRUCTION» Шымкент қалалық филиалының басшысы Мерлан Керімжанов.
Жайлы мектепке мемлекеттен 42 миллион теңге бөлінген. Оның 4 миллион теңгеге жуығы бұзылып жатқан қоршауға жұмсалған. Мәселені айтып, білім басқармасына хабарласқанымызда «Жер біздің атымызда болғанымен, оны жер қатынастар басқармасы таңдайды» деді. Ал, басқарма өкілдерімен байланысу мүмкін болмады.
Оқи отырыңыз: Қызылордада миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған мектеп құрылысы 4 айдан бері тоқтап тұр.