ҚМДБ қарыз ақшамен қажылыққа баруға қатысты пікір білдірді
Қоғамда "Қара касса" ойнау арқылы ұмра қажылығына бару оқиғалары жиілеген.Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі бірнеше адам бірігіп "қара касса" ойнап, жиналған ақшаға құра тастау арқылы таңдалған адамды ұмра қажылығына жіберуге қатысты түсініктеме берді.
Діни басқарма өкілі Хасан Аманқұлдың жазуынша, мұндай жайттар жиі болып жатыр. Оның түсіндіруінше, мұндай тәсілмен барған адамдар қажылыққа қарыз ақшаға барған болып есептеледі. Өйткені, ойынға қатысушылардың ішінде қажылыққа соңғы баратынынан басқасы ай ақшасын ойынға келесі айларда қосады. Сәйкесінше, сапар қарыз ақша есебінен орындалмақ.
"Кейбір ғалымдар мұндай жолмен ұмраға баруды сүннет де, мұстахап да емес деп санайды. Яғни, жалпы айтқанда, бұлай істемеген жақсырақ, дейді. Себебі, ұмраға алдын барып келген адам кейін баратын адамдардың ақшасын қайтарады. Демек ол адам ұмраға қарыз алып барып келген болып тұр. Бұл іс – мәкруһ", – деп түсіндірді Хасан Аманқұл.
Оның сөзінше, шариғатта қарыз алу тек қажетті істерге және қатты қиналған жағдайда ғана бұйырылады. Ал ұмра ғибадаты міндеттелген құлшылыққа жатпайды.
Оқи отырыңыз:
- Қажылық 2024: Сауд Арабиясы Қазақстанға 10 мың орын ұсынды
- 2024 жылы қажылыққа бару үшін биыл 15 желтоқсанға дейін тіркелу керек