ҚМДБ Бишімбаев пен Нүкенованың некесіне қатысты мәлімдеме жасады
Олардың некесін қиған имамға тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалған.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесіне қатысты мәлімдеме жасады.
Онда 2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың өз өтініші бойынша куәгерлердің қатысуымен болашақ ерлі-зайыптылардың некесі қиылғаны айтылған.
"Аталған азаматтардан және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде "жасалу үстінде" деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген. Аталған азаматтардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіт имамы Қ.Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды", – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы АХАТ бөлімінде ресми тіркелмеген, дін бен дәстүрімізге қайшы келетін "азаматтық некемен" үйленудің шариғаттағы үкімі харам екенін еске алды.
Оқи отырыңыз: "Ұрып-соғып, интимдік видеоға түсуге мәжбүрлеген". Прокурор Бишімбаевтың әйеліне қалай зорлық көрсеткенін айтты