Алматыда 19 метрлік "Мәңгілік ел" сағат стеласы бой көтерді
Қалашықта бой көтерген сағат стеласы – "Мәңгілік ел" салтанат қақпасы мен орталық аллеяның жалғасы болып табылады.Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде "Мәңгілік ел" сағаты салтанатты түрде ашылды. Бұл архитектуралық нысан ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, түлектердің университетке сыйға тартуы.
Шараға арнайы шақырылған меймандар сөз сөйлеп, бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтады. Қайрат Мәми өз кезегінде жобаның мақсаты – ҚазҰУ қалашығының тұрғындары мен қонақтарына оқу, жұмыс істеу және тұрмыс үшін жайлы орта құру екенін тілге тиек етті.
"Қазақ ұлттық университетінде бірақтар жұмыс атқарылып келеді. Түлектер қауымдастығының бастауымен студенттерге шәкіртақы беру жұмыстары жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар, қалашықтың көркеюіне үлес қосу мақсатында көптеген нысан бой көтерді. Осы сағат стеласы да түлектер қауымдастығының бастауымен жүзеге асып отыр. Жасалған жұмыстарды мен мақтанышпен айта аламын", – деді Қайрат Мәми.
Қалашықта бой көтерген сағат стеласы – "Мәңгілік ел" салтанат қақпасы мен орталық аллеяның жалғасы болып табылады. "Мәңгілік ел" сағаты биіктігі 19,3 метр болатын стелаға орнатылған. Нысан құрылысының негізгі іргетасы төрт тұғырлы биік бағаналармен бекітілген.
Шара барысында сөз сөйлеген Жансейіт Түймебаев келушілерді бүгінгі айтулы күнмен құттықтап, сағаттың неліктен "Мәңгілік ел" деп аталуын тереңінен түсіндірді.
"Мәңгілік ел" сәулет нысандары әлем елдерінде жасампаз жетістіктер мен толағай табыстар құрметіне қойылады. Сондай-ақ, патриоттық тәрбие беру, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мақсатын көздейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Мәңгілік ел" идеясында нақтылап көрсеткендей, тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұратына қол жеткізді. Мәңгілік ел болу – біздің басты мақсатымыз. Осы орайда, 2016 жылы университетімізде "Мәңгілік ел" салтанат қақпасы ашылған болатын. Қақпадан бастап, "Мәңгілік ел" орталық аллеясы ұласып жатыр. Ал қазіргі салтанатты түрде ашылып жатқан сағат стеласы осы бастамалардың жалғасы деп білеміз. Баршаңызды бүгінгі "Мәңгілік ел" сағат стеласының салтанатты түрде ашылуымен құттықтаймын!" – деп ыстық лебізін білдірді университет ректоры.
Сондай-ақ, шараға арнайы қатысқан Олжас Сүлейменов бүгінгі сағаттың ашылуымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
"Кезінде Қазақстанда бір ғана жоғары оқу орны болатын, ол – осы қазақ ұлттық университеті. Қазіргі таңда 100-ден аса университет студенттерді білім нәрімен сусындатып отыр. Дегенмен қазақ ұлттық университеті кезіндегі деңгейінен әлі де түскен емес. Бүгін "Мәңгілік ел" деп аталатын сағаттың салтанатты ашылуына қатысып отырмыз. Баршаңызды құттықтай отырып, толағай табыс тілеймін!" – деді Олжас Сүлейменов.
Сонымен қатар, Салтанат Байқошқарова да ыстық лебізін білдірді. Ол өз кезегінде университеттің дамып келе жатқанын мақтанышпен айтатынын жеткізді.
Қалашықтан орын тепкен сағат стеласы студенттер жиі жүретін жолға орналастырылған. Бұл бірегей архитектуралық нысан әлемдік деңгейдегі студенттік кампустың ғана емес, Алматы қаласының да көркін арттыра түсетіні анық. Салтанатты шара арнайы дайындалған концерттік бағдарламамен аяқталды.