Қазақстанда көзі нашар көретін және зағип жандарға, мүгедектігі бар адамдарға арналған кітапханалардың жағдайы мәз емес. Бұл туралы Қазақстан халық партиясының депутаттары премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында айтты. 

Депутаттардың айтуынша, өңірлердегі зағип жандарға арналған кітапханалардың өз ғимараты жоқ.

"Республикамызда аталған мәселе бойынша Жетісу, Ақтөбе, Жамбыл,  Батыс Қазақстан облыстарында облыстық және Семей, Шымкент қалалық арнайы кітапханаларының өз ғимараттары жоқ және жалға алып тұрады. Ұлытау, Алматы, Түркістан облыстарында арнайы кітапханалар мүлдем жоқ", – деді депутат Кенжеғұл Сейтжан.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 20 мыңға жуық кітапханашы бар. Олар қанша жалақы алады?


Сондай-ақ, ол Алматыдағы 50 жылдан артық жұмыс жасап келе жатқан зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың әлі күнге дейін жеке ғимараты жоқ екенін айтты.

"Кітапхана 2008 жылдан бері Алматы қаласындағы Бөгенбай батыр көшесі, 214 мекен-жайы бойынша орналасқан "Қазақ соқырлар қоғамы" қоғамдық бірлестігінен 2083 шаршы метр аумақты жыл сайын жасалған мемлекеттік сатып алу негізінде жалға алады. Бірақ, ғимарат жалда болғандықтан, баспахана көлемі аз болғандықтан, кітапхана өз баспасынан шыққан бедерлі кітаптардың ауқымын ұлғайта алмай отыр. Республика бойынша 13 зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттары және инклюзивті мектептерде оқитын оқушыларда брайль жазуымен қазақ тіліндегі кітап жетіспейді" – деді депутат.

Кітапхана жалдамалы ғимаратта болғандықтан ешқандай жөндеу жұмыстары жасалмаған. Сондықтан, депутаттар ғимаратты толықтай сатып алып, мемлекеттік балансқа беру туралы түбегейлі шешім қабылдауды сұрады.