Қазақстанның 7 таулы аймағына онлайн-режимде мониторинг жасайтын қондырғылар орнатылады
"Аюсай" бөгетінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа пилоттық жоба аясында орнатылған 31 цифрлық гидробекет таныстырылды, деп хабарлайды "Ақорданың" баспасөз қызметі.
"Бұл қондырғылар судың жылдамдығына, температурасына, лайлылығына және басқа да көрсеткіштерге онлайн-режимде мониторинг жүргізеді. Мұндай технологиялар келешекте еліміздің жеті таулы аймағында қолданысқа енгізіледі. Гидробекеттердегі мәлімет ТЖМ Дағдарыс жағдайын басқару орталығының бірыңғай ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын барлық ғылыми ұйым мен салалық ведомстволарға қолжетімді болады", – делінген ақпаратта.
Бөгет туралы ақпарат:
- Бөгеттің биіктігі: 41,1 м;
- Бөгет қырқасының ұзындығы: 330,2 м;
- 2,3 млн м3 сел көшкінін ұстап қала алады;
- Бөгеттің ауданы: 6,9 га;
- Жоба құны: 10,5 млрд теңге.
Мемлекет басшысы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін селден қорғау шараларын жүргізу маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте президент төтенше жағдайлар министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және "Қазселденқорғау" мекемесі өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет екенін айтты.