"Қазақстаннан шақырыңдар". Қырғыздар Филипп Киркоров пен Стас Михайловтың өнер көрсетуіне қарсы шықты
Ел билігі өнерпаздардың қаламақысы бюджет есебінен төленбейтінін мәлімдеді.31 тамызда Қырғыз Республикасының тәуелсіздігі күніне орай өтетін гала-концертке ресейлік өнерпаздар Стас Михайлов, Филипп Киркоров, Люся Чеботина және өзгелердің шақырылуы әлеуметтік желі қолданушыларының ашу-ызасын туғызды.
"Бір адамдарды қайта-қайта қашанғы шақыра беруге болады?.. Жаңа да талантты өнерпаздарды, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстаннан шақырыңыздар" деп жазған желі қолданушылары. Бұл туралы 24.kg хабарлады.
Дегенмен, Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов мұндай сын пікірлерге қарамастан, аталған өнерпаздар концертке қатысатынын хабарлап, мұндай шараларды саясиландырмауға шақырды.
"Ресейлік әншілер бастама көтеріп, Тәуелсіздік күнімен құттықтағалы отыр. Біз "келме" дейік пе? Facebook желісінде отырып, "мына әнші келсін, ана әнші келмесін" деп жазып жатқандардың есіне бұл мерекелік шара екенін салғым келеді. Біз ешкімді де келіп, тыңдауға мәжбүрлемейміз. Кім тыңдағысы келмейді – тыңдамасын", – деді Алтынбек Мақсұтов.
Оның айтуынша, қырғызстандықтардың көпшілігі бұл жаңалықты қуана қабылдаған. Сондықтан, министрлік көпшіліктің шешімін құптайды. Ол, сондай-ақ, шетелдік әртістердің келуіне Қырғызстанның абырой-беделінің өскені деген баға берді.
Оқи отырыңыз: Қырғызстанда оқу жылы неге бір күн кеш басталып, бір күн кеш аяқталады