Қазақстаннан 75 тонна мұнай өнімдерін заңсыз әкетпек болғандар ұсталды
Оларға 16 млн теңге айыппұл салынды.2023 жылдың бес айында Түркістан облысындағы ЕАЭО кедендік автомобиль өткізу пунктінде Өзбекстанға жалпы көлемі 42 665 литр мұнай өнімдерін заңсыз әкетпек болған 128 фактінің жолы кесілді. Оларға 4,6 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Сонымен қатар Ресеймен мемлекеттік шекарада орналасқан бірнеше автомобиль өткізу пунктінде мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 427 фактісі анықталды. Жалпы көлемі 32 354 литр өнім тәркіленіп, есептелген айыппұл сомасы 11,5 млн теңгені құрады.
Оқи отырыңыз: Әлихан Смайылов: Бензин мен дизель басқа тауарлар ретінде сыртқа шығарылған
Айта кетейік, 2023 жылғы 31 қаңтардан бастап алты ай мерзімге Қазақстан аумағынан автомобиль көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге, Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, 2023 жылғы 8 сәуірден бастап 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін ел аумағынан ЕАЭО кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуге тыйым салынды.