Қазақстанға биыл баскетболдан Азия кубогына жолдама бұйыра ма?
Баскетболдан Қазақстан құрамасының жаңа тағайындалған бапкері Евгений Овсянниковпен алдағы Азия кубогы іріктеу ойындарына дайындық барысы әңгімелескен едік.
– Ұлттық құрама тізгінін ұстадыңыз. Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасының қазіргі құрамы мен ойыншыларының ерекшеліктері туралы ақпаратпен бөлісе аласыз ба?
– Қазіргі шақырылымдағы Қазақстан құрамасында жоғары білікті, шабуылда да, қорғаныста да жақсы ойын көрсете алатын мықты ойыншылар бар. Біздің командада тәжірибелі ардагерлер мен халықаралық аренада өзін көрсетуге дайын жас таланттар бар. Мен шақырған ойыншылардың барлығы Қазақстанның қазіргі таңдағы үздік баскетболшылары.
– Алдағы уақытта Қазақстанда өтетін Үндістанға қарсы матчқа дайындық жоспарыңыз қандай?
– Біздің жоспарымыз қарқынды жаттығуларды, қарсыласымыздың ойынын талдауды және өзіміздің күшті жақтарымызға қарай ойнауға және әлсіз жақтарымызды азайтуға мүмкіндік беретін стратегияны әзірлеуді қамтиды. Команданың ойынға барынша шоғырлануы мен мотивациясына психологиялық дайындығына да көңіл бөлеміз. Қорғаныс дағдыларын да шыңдап жатырмыз.
– Барлық ойыншылар жаттығуға кірісті ме, әлде бұл матчқа дайындық барсында күтпеген жағдайлар болды ма?
– Барлық ойыншылар уақытында жаттығуға кірісе алмады. Олег Балашов ресейлік Иркут клубында ойындары болуы себебінен кешігіп жатыр. Алайда, жақын күндері ұлттық құрамаға қосылады.
– Үндістан құрамасын жеңу үшін тактикада немесе құрамада қандай да бір өзгерістер жасау жоспарыңызда бар ма?
– Бес ай бұрын Қазақстан мен Үндістан құрамалары өзара кездескен болатын, бірақ ол кезде "Астана" клубының негізгі ойыншылары Қазақстан сапында болған жоқ. Ал бұл жолы құрамымыз толық. Астаналық ойыншылардың біліктілігі өте жоғары екендігін мойындауымыз керек. Сондықтан құрамамыз өз жерімізде өтетін Үндістанға қарсы ойында жеңіске жетеді деп сенеміз.
– Үндістан құрамасынан кейін араға 3 күн салып сырт алаңда Катар құрамасына қарсы ойын өткіземіз. Катарлықтардың ойынын зерттеп көрдіңіз бе?
– Катар құрамасы туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі олардың құрамы үнемі өзгеріп отырады. Катарда сырттан тартылған ойыншыларға басымдық беріледі. Сондықтан әзірге бірдеңе айту қиын. Бірақ мен бір нәрсені айта аламын – бұл біз ойнай алатын және ойнауға тиіс команда. Тіпті жеңіске де жету керекпіз.
– Катар құрамында біз өз пайдамызға бұра алатын ерекшеліктер бар ма? Қандай тактика қолданасыз?
– Біз бұл команданың ойынының барлық ерекшеліктеріне назар аударамыз. Және кез-келген олқылықтарын өз пайдамызға пайдаланудың жолдарын табуға тырысамыз. Дегенмен, нақты стратегияларды аша алмаймын. Әуелі Үндістанмен өтетін ойын күтіп тұр, содан кейін Катар құрамасын толық талдаймыз.
– Әйелдер құрамасын жаттықтырудағы тәжірибеңізді ескере отырып, Қазақстан ерлер құрамасымен қандай жетістіктерге жетуді жоспарлап отырсыз?
– Қазіргі уақыттағы біздің басты мақсатымыз – Азия кубогына жолдама алу. Одан кейін ол жақта жақсы өнер көрсетіп, барынша жоғары орындарға таласуға тырысамыз.
– Біздің топта Иран, Катар және Үндістан да бар екенін ескерсек, оларға қарсы мүмкіндіктерімізді қалай бағалайсыз? Азия кубогына жолдама алу мүмкіндігіміз бар ма?
– Біздің тобымыздағы барлық командалардың деңгейі біркелкі деп айтар едім. Тобымызда ойнайтын барлық командалардың Азия кубогына жолдама алу мүмкіндігі бар. Азияда осыдан 10-20 жыл бұрынғыдай әлсіз команда қалмады. Барлығы сапалы баскетбол ойнайды. Сондықтан біз де жолдамадан мүдделіміз. Тырысамыз.