1 сәуірден бастап Қазақстан азаматтары Оңтүстік Корея республикасында 30 күн визасыз жүре алады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі. 

Бұған дейін Оңтүстік Корея тарапы Covid-19 коронавирустық инфекциясының жаппай таралуына байланысты ел аумағына кіруге тыйым салған болатын.

Оңтүстік Кореяда білім алып, сол жерде тұруға ниетті қазақстандықтар тиісті виза алуы қажет. 

"Мұнымен қатар, қазір Корея Республикасына шетелдік азаматтардың кіруін авторизациялаудың "К-ЕТА" электрондық жүйесі жұмыс істейтінін ескеруі қажет. Елге визасыз режим негізінде келетін шетелдіктерге ұшуға дейін кемінде 24 сағат бұрын www.k-eta.go.kr сайты арқылы жоспарланған сапар туралы электрондық хабарлама түрінде өтініш беру және содан кейін Оңтүстік Корея билігінің елге кіруге рұқсатын алу талап етіледі. Мұндай рұқсат болмаған жағдайда әуе компаниясы азаматты ұшақ бортына отырғызудан бас тартуға мәжбүр болады", – делінген хабарламада. 


Оқи отырыңыз: АҚШ елшісі Қазақстан үшін визасыз режим енгізу мәселесіне пандемиядан кейін қайта оралуға болатынын айтты


Бұдан басқа, Корея Республикасына сапар шегетін азаматтарға осы елде қолданылатын эпидемияға қарсы шаралар туралы ақпаратты Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының елшілігі мекемелерінде алдын ала нақтылауға кеңес берілді.