Қазақстандық жас кәсіпкер әйелдер бизнесін жүргізуге арналған грантқа ие болды
Алматыда Әйелдер кәсіпкерлігі академиясында білім алып, жобаларын қорғаған жас кәсіпкер әйелдердің бір тобы миллион тенге көлеміндегі шағын гранттарға те болды.
Жоба үздіктерін марапаттау рәсімінде АҚШ Мемлекеттік білім беру және мәдениет істері бойынша бюросының түлектермен байланыс басқармасының аға бағдарлама менеджері МэриЭнн Робинсон Әйелдер кәсіпкерлігі академиясы 9 мыңнан астам әйелді өз бизнесін дамыту құралдарымен қамтамасыз етіп, әлемнің 100-ге жуық еліндегі әйелдер басқаратын бизнестің кірістерінің өсуіне және жұмыс орындарын ашуға ықпал етіп отырғанын атап өтті.
"Бұл бастаманы қолдау – біз үшін мақтаныш. Өйткені, жобаға қатысатын әйелдердің өз елінің экономикасына елеулі үлес қосатынын білеміз", – деді МэриЭнн Робинсон.
Академияның оқу бағдарламасының соңғы кезеңінде кәсіпкер әйелдер өз жобасын питчинг форматында қорғады. Оның нәтіижесінде 1 миллион теңге көлеміндегі грант иегерлері анықталды.
АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулы Мишель Еркін білім беру жобасының маңызына тоқталып, оның жеңімпаздарына жүлделерді табыс етті.
"Біз AWE-ге инвестиция салып жатырмыз, өйткені экономиканы әртараптандыру және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту екі елді де нығайтады деп сенеміз. AWE түлектері инновациялық шешімдерді ойлап табатын кәсіпкер, педагог, және басқа да новаторлардың жауа буынына қосылады деп сенемін", – деді Мишель Еркiн.
Әйелдер кәсіпкерлігі академиясына қатысушылар саны биыл рекордтық мәнге ие болды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 130 әйел қатысты. Бағдарлама аясында Тараз және Павлодар қалаларында аймақтық нетворкинг іс-шаралары өтті.
Әйелдер кәсіпкерлігі академиясы бағдарламасы – АҚШ Мемлекеттік департаментінің әлемнің 80-нен астам елінде жүзеге асырылып жатқан жаһандық бастамасы. Бүгінгі күні әлемнің түкпір-түкпірінен 16 мыңнан астам әйел осы бағдарламаға қатысып, бизнес құру тәжірибесімен бөлісетін, сондай-ақ іскерлік байланыстар орнататын түлектердің коммуникациялық қоғамдастығын құрды.
Еске салайық, Қазақстанда өткен халықаралық деңгейдегі білім беру жобасын АҚШ Мемлекеттік департаменті "Шеврон" компаниясымен бірлесіп жүзеге асырды.