"СтопМусор" жобасы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саласындағы беделді халықаралық байқау – The International CSR Excellence Awards байқауында "алтын" марапатқа ие болды.

"СтопМусор" жобасы жеңіп алған марапат

Марапаттау рәсімі осы жылдың жазында Лондондағы St Paul’s Cathedral-де өтті. Байқауға әр елден 500 жоба қатысты. 

"Қазақстан Экологиялық Ұйымдар Қауымдастығы "Филип Моррис Қазақстан" компаниясының қолдауымен жүзеге асырған "СтопМусор" бағдарламасы 3 жыл ішінде 3 миллион адамды қамтып, тұрмыстық қалдықтарды жауапкершілікпен басқару бойынша мінез-құлық пен әдеттердің өзгеруіне ықпал етті. Негізгі мүдделі тараптармен серіктестікте, инновациялық экокартаны пайдалана отырып және әлеуметтік желілерде шаралар туралы ақпараттарды жариялау арқылы жоба азаматтарды тұрмыстық қалдықтарды азайтуға бағытталған жұмыстарға тартады және эко-мәдениетті арттырады", – деп атап өтті байқаудың қазылар алқасы.

Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьеваның айтуынша, бұл жоба орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдармен, Қазақстанның ЖОО мен мектептерінің педагогикалық ұжымдарымен, түрлі елдердің елшіліктерімен, волонтерлік және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, салауатты әріптестік орнатты.

"Сенбіліктер, семинарлар, жәрмеңкелер мен түрлі акциялар арқылы қатысушылар экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлесін қосып жатқанын сезінеді, жобаның танымалдылығын арттырды. Осыған орай, барлық серіктестерімізге алғыс білдіремін. Бұл жоба бізге табиғатты аялауға және тазалық үшін ортақ жауапкершілік алуға мүмкіндік береді деген үміттемін", – деді Айгүл Соловьева. 

"СтопМусор" кампаниясы қоғам арасында ұсақ-түйек қоқысты қоғамдық орындарда тастаудың қауіпті салдары және қалдықтарды дұрыс өңдеу дағдысын қалыптастыру туралы хабардарлықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды. 2020 жылдың маусымынан бастап "СтопМусор" қатысушылары 60-тан астам іс-шара өткізді. Олардың қатарында Астанада полиэтилен пакеттерін жинау бар, кейін бұл пакеттер заманауи суретші Сауле Сүлейменованың "Астана аспанында" атты арт-экспозициясында пайдаланылды. Сондай-ақ, шаралар қатарында танымал "Мисс Алматы" байқауының финалистерімен бірлескен сенбіліктер сериясы, Eco-Talks алаңын құру бастамасы, еріктілерге арналған онлайн мектеп және тағы басқа іс-шаралар бар.

"Жұмысымыздың нәтижесін көрудің өзі бір ғанибет, ал CSR Excellence Award байқауында марапатқа ие болу – бұл жобаның халықаралық деңгейде мойындалуы, сондай-ақ жүзеге асқандығының белгісі. "СтопМусор" бизнес, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың бірлескен күш-жігері экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға белсенді қатысуға шабыттандыра алатынын көрсетіп отыр", – деп атап өтті "Филип Моррис Қазақстан" компаниясының тұрақты даму жөніндегі менеджері Ринат Заитов.

Жобаның ұйымдастырушылары StopMusor мобильдік қосымшасы мен Stop musor сайтын іске қосты. Осы қосымшалар мен арнайы әзірленген инновациялық эко-картаның арқасында азаматтар өз өңірлеріндегі экологиялық мәселелер туралы хабарлай алады. Жиналған өтініштер одан әрі лайықты бағаланып, өз шешімін табуы үшін қала әкімшілігіне жіберіледі. Өтініш иесі өз өтінішінің мәртебесін бақылап, мәселе шешілгеннен кейін ақпарат ала алады. Қазіргі уақытта эко-карта Қазақстан бойынша 500-ден астам өтініш жинаған.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – экологиялық акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу. "СтопМусор" жыл сайын "Жер сағаты" және "Дүниежүзілік тазалық күні" сияқты халықаралық акцияларға қатысады. Биыл жазда жоба сондай-ақ "Таза Қазақстан" республикалық ауқымды экологиялық акциясының бір бөлігі болды. "СтопМусор" жобасы аясында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен "Jetisu" саябағында "JasylFest" атты алғашқы экологиялық фестиваль өтті, онда қала тұрғындарына күнделікті өмірге экологиялық оңай әдеттерді қалай енгізуге болатыны туралы айтылды.