Қазақстандық "Айқай" фильмі Пусан кинофестивалінде көрсетіледі
Фильм ядролық сынақтардан зардап шеккен Семей полигоны құрбандарының тағдырын баяндайды.Оңтүстік Кореяда 4-13 қазан аралығында өтетін әйгілі Пусан кинофестивалінде қазақстандық режиссер Кенжебек Шайқақовтың "Айқай" фильмі А Window on Asian Cinema бағдарламасында көрсетіледі. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
"Айқай" – режиссердің екінші толықметражды жұмысы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірген алғашқы фильмі.
"Халықаралық кинофестивальдерде фильмдерімізге деген сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірінде көрсетілетін "Айқай" картинасы – осының дәлелі. Жалпы киноиндустрия өкілдері және біздің орталық жұмысты бір жүйеге қойып, әр фильм өз мақсатын айқындауы тиіс. Бізге фильмдеріміздің сөрелерде шаң басып жатқаны емес, олардың прокатқа шығуы, фестивальдерге қатысып, жетістіктерге жеткені маңызды", – деді ҰКҚМО басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
"Айқай" фильмі екі аяқсыз туған бас кейіпкердің өмірі арқылы ядролық жарылыстан зардап шеккен Семей полигоны құрбандарының тағдырын және анасынан айырылған баланың әкесіне жанашырлығын, қамқорлық жасауға деген талпынысын баяндайды.
Оқи отырыңыз: Мәдениет министрі: Енді жыл сайын кем дегенде 15 киноға қазақ тілінде дубляж жасалады
Көркем фильмнің түсірілімі Абай облысы Аягөз ауданы Шыңғожа ауылында өтті. Басты рөлдердерде: Орынбек Шаймағанбетов, Арнұр Акрам, Ерболат Әлқожа, Бейнұр Баймұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов және Айғаным Нұрсұлтан.
Айта кетейік, Busan International Film Festival 1996 жылдан бері жыл сайын Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтетін Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірі.