Қазақстанда жыл сайын бензин бағасы 15-20 теңгеге көтеріледі
Бензин мен жанар-жағармай құны кез келген жағдайда қымбаттайды, себебі бензин құны еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі бағамен теңестірілуі қажет.Соңғы аптада «кейбір көліктер үшін салық алынып тасталады» деген ақпарат темір тұлпар тізгіндегендер талқылайтын негізгі тақырыпқа айналды. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "Көлік салығын бензиннің акциздік құнына қосуды ойластырып жатырмыз" деген министрлік өкілінің пікірін жоққа шығарды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Оның айтуынша, салықты қысқарту мен акцизді бағасын арттырудың бір-біріне қатысы жоқ. Баға көтерілсе, Қазақстан нарығындағы жанармай құнын еуразиялық экономикалық одақ елдердегі бағамен теңестіру үшін ұлғайтылады.
"Ресей мен Қырғызстандағы нарықпен айырмашылық 50 пайыздай. Сондықтан, біздің жанармай мен бензин сыртқа шығарылып жатыр. Осыдан бізде тапшылық пайда болады. Әрі бізде бензин акцизі жыл сайын біртіндеп 15-20 теңгеге көтеріліп отырады. Қандай жағдайда да 2024-2025 жылдары бұл акциз өседі", – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Оқи отырыңыз: "Жеткізу шығындарына байланысты қымбаттайды". ШҚО-да неге АИ-95 бензині сатылмағаны белгілі болды.
Министрдің айтуынша, көлікті салықтан босату туралы ұсыныс автокөлігі бар, бірақ оны пайдаланбайтын адамдардан түскен. Яғни, машинасын жиі қолданбайтындар салық та төлегісі келмейді. Ал күнкөрісі, жанбағысы тікелей көлікпен байланысты адамдар салықтан не бәрін бірдей босату қажет, не бәрін қаз-қалпында қалдыру керек деп санайды. Салық кодексіне қатысты өзгерістер мұнымен бітпейді. Енді қосымша табысқа да салық салынуы ықтимал. Бірақ министр бұл түзетудің табысы орташа қазақстандықтарға қатысы жоқ екендігін айтты.