Қазақстанда жүрек қызметінің кенеттен тоқтап қалуына байланысты адамдардың қайтыс болу дерегі көбейген. Соңғы үш жылдағы мәліметтер келесідей:

  • 2020 жылы – 115;
  • 2021 жылы – 422;
  • 2022 жылғы 11 ай – 465.

Деректерді Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығына сілтеме жасай отырып, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында келтірді.

Есесіне, министрдің айтуынша, қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім көрсеткішінде төмендеу бар. Биылғы 11 айда мұндай 27 528 оқиға тіркелген. Ал өткен жылы 41 775 дерек тіркеліп, өте жоғары мәнге (салыстыру үшін 2020 жылы – 29 426) ие болған.


Оқи отырыңыз: Қан тамыры қысымы ауруынан қалай сақтану керек және оның алдын алу жолдары қандай?


Денсаулық сақтау министрлігі өлім көрсеткішін азайту мақсатында ел тұрғындарына алғашқы көмек көрсету бойынша оқу шараларын жүргізеді.

"Медициналық білім жоқ азаматтар арасында алғашқы көмек көрсету тәртібін білуі тиіс адамдар тобы анықталған", – деді Ажар Ғиният.

Бұл топқа келесілер жатады: ішкі істер органдарының қызметкерлері, Қарулы күштердің әскери қызметшілері, Ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мамандары, ұлттық гвардия әскері, өрт сөндіру, апаттық-құтқару қызметінің жұмысшылары.