ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл басынан бері қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 8,5%, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы 12%, жіті миокард инфарктісі 4,6%, стенокардия 10%, инсульт 13,5% төмендеді.

"Былтырмен салыстырғанда ашық жүрекке жасалатын ота саны еліміз бойынша 7,1% өсті. Жыл басынан бері 6148 жүрекке ашық ота жасалды", – деп жазылған хабарламада.

Қазақстан – Орталық Азиядағы жүрек пен өкпені транспланттайтын жалғыз мемлекет. Соңғы 10 жылда Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталық базасында донорлық жүректі транспланттау бойынша 86 ота жасалды. 


Оқи отырыңыз: "2-ақ сағат уақыт бар": Алматыда дәрігерлер тұңғыш рет жүрек ауыстыру отасын жасады.


Сонымен қатар, осы жылдың шілде айында алғаш рет "Шымкент жүрек орталығы" КеАҚ және "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты" АҚ қабырғаларында екі пациентке жүректі транспланттау сәтті жүргізілді.