Қазақстанда заңсыз берілген қанша гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
2022 жылдың басынан бастап игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 7,8 млн га ауылшаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру аясында 2022 жылдың басынан бастап игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 7,8 млн га ауылшаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарағанды облысында 1,5 млн га,Қостанай облысында 738 мың га, Ақтөбе облысында 745 мың га, Түркістан облысында 631 мың га, Павлодар облысында 532 мың га ауылшаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.
"Республика бойынша жерді пайдаланушыларға қатысты 5,5 млн га алаңды қамтитын 2 410 жоспардан тыс тексеру болды. Тексеру нәтижесі бойынша 3,1 млн га алаңда жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1 597 ұйғарым шығарылса, 240,9 мың га алаң бойынша 246 материал сот қарауында. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жерді пайдаланушылар 2,7 млн га алқаптағы өз жерлерін игеруге кірісті", – деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ, қабылданған шешімдердің заңдылығына қатысты жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы бойынша аумағы 526,3 мың га ауылшаруашылығы жерлерін беру туралы жергілікті атқару органдардың 515 заңсыз шешімі анықталып, оның ішінде 135 шешімнің күші жойылды, қалған 380 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Жер қойнауын "шағын топтың ғана игілігіне" айналдырғысы келетіндер бар.