Қазақстанда қазақ тілінде сөйлеп, автоматты түрде жауап беретін виртуалды робот әзірлеу жұмысы қолға алынбақ. Оған "Айсана" деген ат беріледі. Бұл туралы ҒЖБМ Тіл саясаты комитеті дайындаған Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасы жобасынан белгілі болды. 

Айсана әлемдегі танымал дауыстық көмекшілер – Google Assistant (Google), Siri (Apple), Amazon Echo  не Alexa (Amazon), Cortana (Microsoft) және Алиса (Yandex) виртуалды роботтарының қазақша баламасы болмақ. 

"Қазіргі уақытта дыбыстық көмекші әзірлеудің маңызы зор. Бүгінде көпшілікке танымал "Алиса", "Alexa", "Cortana" мен "Siri" тәрізді өнімдер мәтінді пернетақта мен тінтуірді пайдаланбай енгізу, қолданушының ауызша командасы арқылы қажетті сайтқа, ақпаратқа, бағдарламаларға жылдам қол жеткізу, еске салу, қоңырау шалу, хабарламалар жазу, жаңалықтарды дыбыстау, "ақылды үй" функцияларын орындау, тіпті жасанды интеллектінің арқасында жетіліп, адаммен толыққанды диалог орнату мүмкіндігіне ие болды. Осы ретте отандық "Айсана" виртуалды роботын әзірлеу жұмыстары жүргізіледі", – делінген тұжырымдама жобасында. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың қанша пайызы қазақ тілінде сөйлейді?


Бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі әлемдік ІТ-компаниялармен келісімге отыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қазақтілді ІТ-мамандар даярлау және арнайы гранттар бөлу мәселелері шешіледі. 

"Бұл шаралардың іске асырылуы халықтың қазақ тіліндегі цифрлық сауаттылығын арттыруға және қазақтілді тұтынушылардың сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді", – делінген тұжырымдама жобасында.

Құжатты жария талқылау мерзімі – 21 сәуірге дейін.