Қазақстанда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі басталды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Биыл зияткерлік сайыстар электронды форматта өтіп жатыр. Оған қалалар мен аудандардан 15 651 оқушы қатысады.

"Өткен жылдан бері олимпиада "El Umiti Digital Online Platform" ақпараттық жүйесінде веб-камерадан фото түсіру және минут сайын скриншот арқылы прокторинг қызметін пайдалану арқылы электронды форматта өткізіліп келеді. Мектеп оқушыларына тапсырмаларға қол жеткізу үшін жауап бланкілері, жеке логин мен пароль беріледі", – деді "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Ғаждембек Тұрсынов.


Оқи отырыңыз: Республикалық пән олимпиадаларының форматын "Дарын" орталығы айқындайды


Айта кетейік, олимпиада "1 компьютер – 1 оқушы – 1 камера" қағидасы бойынша өткізіледі.  Жарыстың тікелей трансляциясы мен түсірілімі YouTube арналарында қолжетімді. Олимпиаданың ашық өтуін бақылау үшін "Адалдық алаңы" ҚБ, облыстардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ата-аналар қауымы шақырылған.

Зияткерлік сайыс математикалық және гуманитарлық бағыттағы 15 пән бойынша өтеді. Үшінші кезең 13-18 ақпан аралығында өтеді.